Ақмола облысында шаруашылық қызметкерлері сібір жарасын қайдан жұқтырғаны анықталмай жатыр

Ақмола облысы Үшқарасу ауылында отыз бірдей ірі қара мен 15 шаруашылық қызметкері сібір жарасын қайдан жұқтырғаны анықталмай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осыған дейін ауру борсықтың етінен, шөптен, жемнен жұққаны туралы түрлі болжамдар айтылған. Дегенмен өңірдің ветеринар дәрігерлері індеттің жұғу себебін тек барлық өткізілген зерттеудің қорытындысынан кейін нақты айта алатынын жеткізді. 

"Әзірге барлық болжамның ешқайсысын назардан шығарған жоқпыз. Аурудың борсықтан да, шөптен де, жемнен де жұғуы әбден мүмкін. Барлық cынама алынып, зерттеліп жатыр. Әзірге нақты ақпарат жоқ", - дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов. 

Басқарма басшысының айтуынша, Үшқарасу ауылында 30 ірі қара мал індетке шалдыққаны анықталған. Тексеріс жүргізген ветеринар дәрігерлер 536 келі етті тәркілеп мал қорымына апарып өртеп жіберген. 

"Қазір карантин шаралары жалғасып жатыр. Карантин 31 тамызда жарияланған. 14 қыркүйекте карантинді жабуға тиістіміз. Алаңдауға негіз жоқ", - деп толықтырды Талғат Жүнісов. 

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында ауылдардың бірінде "сібір жарасы" тіркеліп, карантин жарияланғаны хабарланған еді. Кейін мал өсіретін кәсіпорын қызметкерлері сібір жарасын жұқтырғаны анықталды. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!