- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмола облысында полицейлер...
Ақмола облысында полицейлер өртеніп жатқан көліктен екі адамды құтқарды
Ақмола облысында полицейлер өртеніп жатқан көліктен екі адамды құтқарды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 қыркүйекте түнгі үш шамасында Щучинск қаласында жантүршігерлік жол апаты болған. Полиция сержанты Руслан Жаңалықовтың айтуынша, ол өзінің әріптесі Медет Бекжановпен бірге Щучинск қаласының көшелерін патрульдеуге шыққан. Түнгі 02:42-де Морозов көшесінің бойында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабар түсті. Қуанышқа орай полицейлер жақын маңда жүріп, бір минутқа жетпей өртеніп жатқан көліктің жанында болған.
Өртке оранған автомобильді көріп, полицейлер өрт сөндіру құрылғысын алып, көмекке асыққан. Үш құрылғыны қолданғанның өзінде, қысылып қалған жүргізуші мен жолаушыны аман алып қалуға мүмкіндік болмаған.
Осы кезде полицейлер көліктің артқы бөлігінде отырған тағы бір жолаушыны көрген. Терезені шағып, есінен танып қалған ер адамды алып шыққан. Жолаушы құтқарылғанннан кейін, құқық қорғау органдары қызметкерлері тағы бір жолаушыны көрген, алайда оны терезеден алып шығу мүмкін болмаған. Осы кезде полицейлер мен жол апатының екі куәгері өртеніп жатқан есікті жұлып алған. Осылайша олар ер жолаушыны сыртқа алып шыққан. Оның денесі күйіп қалған екен.
Полицейлердің айтуынша, құтқару операциясы бірнеше минутқа ғана созылған, өйткені уақыт тығыз болған. Оқиға болған жерден өтіп бара жатқан екі жігітте барын салып, көмектесті. Олар полицейлермен бірге өртті де сөндіріп, жолаушыларды құтқарды.
Жолаушылар құтқарылған сәтте оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен жедел жәрдем каретасы жетті. Зардап шеккен ер адамдар ауруханаға жеткізілді. Полицейлер өз жұмысына ары қарай кіріскен.
BMW көлігінің жүргізушісі тайғанақ жолмен жүріп, басқаруды игере алмай, ғимаратқа соқтығысқан. Сондай-ақ, көлік жылу құбырына соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік өртеніп, 24 жастағы жүргізуші мен жолаушы қаза тапты. Тағы екі жолаушы күйіп қалған, олар ауруханаға жеткізілді.
Осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Айта кетейік, Tengrinews.kz "Батырлар біздің арамызда" жобасын бастады. Жобада батылдық танытқан, адамдарды қауіпті жағдайдан алып шыққан, өлімге араша болған, қиналып жатқандарға көмекке барғандар, сондай-ақ оларды аяққа тұрғызғандар жайлы мақала жарияланады. Сіздер, оқырмандар осы айдардың авторы бола аласыздар. Ерлік жасаған қарапайым адамдар жайлы оқиғаларды мына электронды поштаға жолдай аласыздар: geroi@tn.kz.
"Батырлар арамызда" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Қазақстанның дарынды балалары", "Жеңімпаздар" арнайы жобалары қолға алынған.
А. Қажиев