Ақмола облысында жантүршігерлік оқиға болды. Макинск қаласында мектеп оқушысын көлік қағып, салдарынан ол көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, жүргізуші қыз баланы сабақтан күтіп тұрған анасының көз алдында қағып кеткен. Ауыр жарақат алған оқушы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмаған. Тұрғындардың айтуынша, оқиғаға жаяу жүргіншілер жолы жоқтығы себеп болуы мүмкін.
Қайғылы оқиға болған Мәскеу көшесіне былтыр жаңа асфальт төселгенімен, тротуарға қаржы бөлінбеген. Соның салдарынан балалар көлік жүретін жолдың шетімен жүруге мәжбүр.
"Mercedes көлігін тізгіндеген жүргізуші кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол апаты салдарынан қыз бала ауруханада көз жұмды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ПД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақта жол апатынан 9 адам қаза тапқан.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова