Ақмола облысында мешітте болған жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы қандай?

Астанадағы ауруханаға Ақмола облысындағы Сабынды ауылында болған жарылыстан зардап шеккен 17 адам жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның ішінде 14-і ересек адам, үшеуі бала. 

Зардап шеккен 7 адам жансақтау бөлімінде, тағы 7 адам Астана қаласындағы №1 қалалық аурухананың политравматология, эндопротездеу және комбустиология бөліміне орналастырылды. Алдын ала диагноз - әртүрлі дәрежедегі термиялық жалын күйік.

25-30 пайыз термиялық күйік алған үш бала Астанадағы №2 балалар ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылды.

Еске салайық, бүгін Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы мешітте газ жарылып, үш адам қаза тапты

Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, газ-ауа қоспасы жарылып, кейін опырылған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар алты газ баллонын шығарды. Жалпы ғимаратта жеті газ баллоны болған.

Оқиға салдарынан 1978 жылы туған ер адам қайтыс болды. Үйінді астынан құтқарушылар 1983 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған баланың денесін тапты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!