Ақмола облысында мәслихат мерейтойына 2,4 млн теңге бөлінген

Биыл Қазақстанда мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай қалаларда салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, өзін-өзі басқару органдарының маңызы туралы ақпарат тарады. Factcheck.kz редакциясы осы атаулы күнді атап өтуге әр аймақтың қанша қаржы жұмсағанына қызығушылық танытып, Ақмола облысының әкімдігі жариялаған тендерге назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мерекеге арналған 2 миллион теңге

6 қарашада Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы Қазақстан Республикасы мәслихатының 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шараны ұйымдастыру қызметін сатып алу туралы хабарлама жариялады. Бұл мақсатқа 4 375 000 теңге қарастырылған еді. Тендерді Ulan Event компаниясы жеңіп алды. Келісімшарт жасалғаннан кейін сомасы 2 477 211 теңгеге дейін қысқарды.

Техникалық ерекшелікке сәйкес іс-шара қарашада өткізілуі тиіс болған, бірақ нақты күні мен өткізілетін орны көрсетілмеген. Дегенмен толық форматтағы мерекені ұйымдастыру үшін биіктігі алты метр, ұзындығы тоғыз метр үлкен LED-экранмен жабдықталған фотодизайны бар сахна, биіктігі үш метр, ұзындығы бес метр пресс-қабырға орнатып, баннерлер ілуге талап қойған.

Іс-шараға кемінде 100 адамның қатысуы жоспарланған. Қонақтарға арналған кейтеринг пен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, жеткізуші 20 раушан гүл шоғын, 20 алғыс хат дайындап, барлық қатысушыға папка, қалам, блокнот, іс-шараның бағдарламасы және тағы басқа сувенирлік өнім тарату керек. Мәслихаттың 30 жылдығына арналған бейнеролик және мекеме тарихы туралы журнал дайындау туралы да айтылған.

Сонымен қатар мерекені кәсіби фото және бейне түсіріліммен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Іс-шара қорытындысы бойынша қысқаша бейнеролик пен баспасөз хабарламасы дайындалып, әлеуметтік желі мен БАҚ-та жариялануы қажет болды. Тапсырыс берушіге өткен іс-шараның кадрларымен бірге шығармашылық есеп ұсынылуға тиіс.

30 жылдықты басқа қалалар қалай тойлады?

Мәлімет үшін: мәслихат - бұл әр облыс пен қалада бар шағын парламент. Ол халықтың мүддесін қорғауға арналған. Негізінде, мәслихат халық пен әкімдіктер арасындағы делдал болып, тұрғындардың мәселелері мен сұрақтарын шешуге көмектесуге тиіс.

Алғашқы мәслихат сайлауы 1994 жылғы 7 наурызда өтті. Кейбір БАҚ бұл күнді "халық игілігі үшін белсенді жұмыс істейтін мемлекеттік басқарудың жаңа институтының пайда болуын білдіретін оқиға" деп жазады. Осыған байланысты 2024 жылы Қазақстанның көптеген қаласында мәслихаттың құрылуының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өткізілді.

Мысалы, Астана әкімдігі бұл күнге орай бірқатар шаралар ұйымдастырды. 7-8 қазан күндері "Sairan Arena" спорт кешенінде мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футболдан турнир өтті. 11 және 12 қазанда "Қазанат" ипподромында көкпар мен бәйге турнирлері ұйымдастырылды. 13 қазанда Qazaqstan жастар сарайында студенттер арасында спартакиада өткізілді. 16 қазанда "Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы" аллеясы ашылды. Қазанның 17-21 аралығында "Үздік кітапханашы", "Үздік үй" және "Үздік сантехник" байқауының қорытындысы шықты.

Сонымен қатар Қазақстанның бірнеше қаласында шенеуніктер мәслихаттың мемлекеттік басқарудағы маңызды рөлі туралы университеттерде дәріс, жергілікті депутаттарды құрметтеген қайырымдылық концерттер, шенеуніктер арасында волейболдан турнирлер, қалалық саябақтарда "маңызды оқиғалардың символы" ретінде 50 қайың ағашын отырғызу іс-шарасын ұйымдастырды.

Мәслихаттың пайдасы бар ма?

Сонымен қатар жаңалық ресурстарында мәслихат депутаттарының халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға белсенді жұмыс істеп жатқаны, азаматтардың өмірін жақсарту үшін реформаларды жүргізіп жатқаны туралы имидждік мақалалар көптеп жарияланды. Мәслихатты "халық пен билік арасындағы алтын көпір" деп атап, жергілікті депутаттардың жұмысынан "елдің тәуелсіздігі айнадай көрініс тапқаны" айтылады.

Алайда барлық мадақ пен мақтау сөздерге қарамастан, шын мәнінде мәслихаттың ешқандай билігі жоқ деуге болады. Мәслихаттың негізгі қызметі - әкімдіктер қабылдаған шешімдерді заңдастыру ғана. Бұл формалдылықты тіпті депутаттардың өздері де мойындайды. Мемлекеттік насихат айтып жүрген ашықтық мәселесі де ақсап тұр. Журналистердің ыңғайсыз сұрақтарын болдырмау үшін, оларды ресми сессияларға көп жағдайда кіргізбейді, ал кейбір депутаттар сұхбат беру үшін "сұрақтарды алдын ала жіберуді" талап етеді.

Мәслихат депутаттары "халық қалаулылары" саналса да, іс жүзінде олардың басым бөлігі мандаттарын Amanat партиясынан алған. 2023 жылғы депутаттар сайлауында бұл партия облыстық мәслихаттардағы 668 орынның 481-ін иеленді. Ал өзін-өзі ұсынған кандидаттар, саны жағынан көп болғанына қарамастан, өңірлік өкілдік органдардағы орындардың 10%-ын да ала алмады.

Мәслихат депутаттарының белсенді айналысатын бір саласы - мемлекеттік сатыпалым. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында екі жыл ішінде 14 мәслихат депутаты мемлекеттік сатыпалым бойынша 88,2 миллиард теңгенің тендерін жеңіп алған. Олардың барлығы Amanat партиясының мүшесі болды. Мұндай жағдайлар елдің басқа өңірлерінде де кездеседі: Семейде мәслихат комиссиясының төрағасы жол құрылысы бойынша 9 миллиард теңгенің тендерін жеңіп алды. Шымкентте жергілікті депутат айналма жол салу үшін мемлекеттік қаражаттан 2 миллиард теңгеден астам қаржыны игерді. Талдықорғанда депутат тұрғын үй салуға 3,7 миллиард теңгенің тендерін ұтып алды.

Бірақ кейде депутаттар мемлекеттік қаражатты игере алмай жатады. Мысалы, 2024 жылы Алматы әкімдігін жөндеумен айналысқан мәслихат депутатының құрылыс компаниясы сенімсіз жеткізуші ретінде танылды. Әкімдікті қалпына келтіру жұмыстары 8 айда аяқталуы тиіс болатын, алайда 1 жыл 9 айға созылды. Әкімдік ғимаратын қайта жөндеуге республикалық бюджеттен 17 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!