Ақмола облысында мал өсіретін кәсіпорын қызметкерлері сібір жарасын жұқтырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Жарқайың (13 адам) және Есіл (2 адам) аудандарында 15 жағдай тіркелген. Барлық науқас Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында орналасқан "Үшқарасу" ЖШС қызметкерлері болып шыққан.
"4 қыркүйектегі жағдай бойынша барлық науқас ойықжара диагнозымен Ақмола облысы Есіл ауданы Есіл қаласының АОА инфекциялық бөлімшесіне емдеуге жатқызылды. Оның 15-інде ойықжара диагнозы расталды (10 зертханалық , 5 клиникалық расталған)", - делінген хабарламада.
Ведоство өкілдері жағдайы орташа науқастар тиісті ем алатынын айтты.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша 21 ет сынамасының 16-сында ойықжара ДНҚ-сы анықталды. Барлық тексерілген ошақта қорытынды дезинфекция жүргізілген..
Облыс әкімі орынбасарының басшылығымен штаб құрылған. Штабтың шешімімен 31 тамыздан бастап Үшқарасу ауылының аумағында карантин жарияланған.
"Ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетуге шектеу шаралары енгізілді. 536 келі ет өртеу арқылы жойылды. Ет өңірден тыс жерлерге шығарылмаған. Инфекция ошағын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында ауылдардың бірінде "сібір жарасы" тіркеліп, карантин жарияланғаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!