Ақмола облысында құс фабрикасының жұмысшылары уланды

Ақмола облысындағы "Макинск құс фабрикасында" жұмысшылар хлордан жаппай уланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға өндірістік корпустарды жуу кезінде болып, кәсіпорынның алты қызметкері зардап шеккен.

Зардап шеккендердің бірі жұмыс кезінде маскасын шешіп тастаған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жұмысшылардың бірі қауіпсіздік техникасын сақтамаған болуы мүмкін.

"Макинск құс фабрикасы" ЖШС жұмысшысының хлормен улануына байланысты ҚР ҚК 156-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, 24 жастағы жұмысшы корпусты жуу кезінде судың құрамына хлор қосылғанын біле тұра респиратор маскасын өз еркімен шешіп тастаған. Кейін ол улану белгілерімен ауруханаға жүгінді. Қазір дәл осындай белгілермен кәсіпорынның тағы бес қызметкері медициналық мекемеге түскені белгілі. Қажет тергеу амалдары құзырлы мемлекеттік органдардың қатысуымен жүргізіліп жатыр", – делінген полиция хабарламасында.

Ведомство өкілдері тергеу амалдарының тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен жүріп жатқанын атап өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!