Ақмола облысында көлік апатынан Қырғызстан азаматы қаза болды

Ақмола полицейлері Қырғызстан Республикасының азаматы қаза тапқан жүк көлігі мен жеңіл автокөліктің соқтығысу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

"8 ақпан күні Жақсы ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Екатеринбург-Алматы автожолының 922-шақырымында Маn жүк көлігі мен Daewoo Matiz автокөлігінің соқтығысқаны туралы телефон арқылы хабарлама түскен. Алдын ала ақпарат бойынша, Daewoo Matiz автокөлігінің жүргізушісі Қырғызстан Республикасының 64 жастағы азаматы басып озбақ болып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Қарағанды облысының 55 жастағы тұрғыны мінген Маn жүк көлігімен соқтығысқан", - деп хабарлады polisia.kz.

Көлік апаты салдарынан Daewoo Matiz автокөлігінің жолаушысы, Қырғызстан Республикасының 62 жастағы азаматы оқиға орнында мерт болды.

Жақсы аудандық ауруханасына Daewoo Matiz автокөлігінің жүргізушісі жеткізілген. Жеңіл автокөліктің 18 жастағы және 4 жастағы жолаушылары зардап шекпеген.

"Автокөліктер автотұраққа қойылды. Сараптама тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

 Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, Маn автокөлігінің жүргізушісі алкоголь ішпеген болып шықты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!