Ақмола облысында кәмелетке толмаған екі қыз жоғалып кетті

Ақмола облысында кәмелетке толмаған екі қыз жоғалып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында із-түзсіз жоғалып кеткен екі бірдей жасөспірім іздестіріліп жатыр. Үйлерінен шығып кеткен қыздардан сол күйі хабар-ошар жоқ.

Ақкөл ауданының полиция бөліміне жүгінген тұрғын 15 жастағы қызы Анастасия Мацты іздеуге көмек сұраған. 8-сынып оқушысы 7 маусымда сағат 23.00 шамасында үйден шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Ол үстіне қара қысқа кеудеше, көгілдір шалбар, ақ түсті аяқкиім киген және қара түсті орта мөлшердегі сөмке болған.

Дәл осыған ұқсас хабарламаны 7 маусымда балаларға қолдау көрсету орталығының аға тәрбиешісі жолдаған. Оның айтуынша, 14 жастағы тәрбиеленуші Элеонора Аяшева орталықтан қашып кеткен. Бойы - шамамен 150-155 сантиметр, орта денелі, сарғыш шашты, жұқа ерінді, дөңгелек жүзді, маңдайы шығыңқы, көзі қара-қоңыр, қасы жіңішке қыз. Үстіне ақ футболка, қара шорты, ақ түсті аяқкиім киген.

Бірден із кескен полиция қызметкерлері қыздардың дос болғанын анықтап, олар күндізгі 16.00-де "12 месяцев" құрылыс дүкенінен шығып Mercedes маркалы такси көлігімен Астанаға қарай кетіп қалғанын анықтаған.

Қазір тәртіп сақшылары кәмелет жасына толмаған қыздарды іздеп табу үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, қыздардың таныстары мен жақындарынан жауап алған. Барлық қалалық бейнебақылау камерасы қаралып жатыр.

Полиция қыздар туралы қандай да бір ақпараты бар немесе олардың қайда екенін білетін адамдар болса, 102 телефонына хабарласуды өтінеді.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!