Ақмола облысында жол жөндеуге арналған бюджет қаражаты жымқырылған

Ақмола облысында жол жөндеуге арналған бюджет қаражаты жымқырылған
Фото: depositphotos.com

Ақмола облысында бір ауылдың жолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі тергеліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына бөлінген 167,8 миллион теңгенің 78 миллионы басқа мақсатта жұмсалған, деп хабарлайды Massaget.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

5,4 шақырым жолды жөндеуге 167 миллион теңге бөлінген

Прокуратура мәліметінше, 2023 жылы Бұланды ауданының ТҮКШ бөлімі мердігер ұйыммен Никольское ауылындағы ішкі жолдарды орташа жөндеуге келісімшарт жасаған. Учаскелердің ұзындығы 5,4 шақырым, ал жұмыс құны 167,8 миллион теңге болған.

Келісімшартты орындау мерзімі 2024 жылы желтоқсанда аяқталды. Осы уақытқа дейін мердігер 103 миллион теңге бюджет қаражатын игерген.

Тексеріс барысында іс жүзінде 78 миллион теңгенің жұмысы атқарылмағаны анықталған. Бұл қаражат жол жөндеуге қатысы жоқ мақсаттарға жұмсалғаны белгілі болған.

Іс арнайы прокурорларға берілді

Аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша Бұланды ауданы ТҮКШ бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым басшыларына қатысты соталды тергеу басталды.

Қылмыстық іс Ақмола облысының арнайы прокурорларына берілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget