Ақмола облысында Жеңіс күнін ҰОС-ның 8 ардагері атап өтті

Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысының азапты күндерін бастан кешкен ардагерлер қатары cиреп келеді. Бүгінде Ақмола облысы аумағында тек 8 ардагер ғана қалған, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Батыр тұлғалардың бірі Көкшетау қаласында тұратын Казимир Беймарт. Ол Украинаның Каменец облысының Антонин ауданындағы Тарасовка селосында 1926 жылы дүниеге келген. Соғысқа 1944 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Красноармейск ауданынан аттанған.   1 Балтық майданында пулеметші болып кескілескен ұрыстарға қатысқан. Кенигсберг майданында екі мәрте жарақат алған. 

Отан соғысы орденімен, «Әскери қызметі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. Көкшетау қаласының құрметті азаматы. 

Ардагерлердің бірі Нұрқасым Әжітаев 1925 жылдың 1 қаңтарында Семей облысы Абыралы ауданы, Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Майданға 1943 жылы аттанған. Маршал Малиновскийдың басқаруымен Керч қаласын босатуға қатысқан. Берлинді алу кезінде әуе қызметі кавалериялық қатарда соғысқан. Жеңіс күнін майдангер 293 атқыштар дивизиясы құрамында Жапониямен әскери қақтығыс кезінде қарсы алған. 

Ерлігі үшін «Жапонияны жеңгені үшін», медалімен, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының маршалы Жуков» медалімен, «1941-1945 соғысы ардагері» төс белгісімен, басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған.  

Петр Бирюков 1925 жылдың 12 шілдесінде Сандықтау ауданының Максимовка селосында туған. Әскер қатарына 1943 жылдың қаңтарында аттанған. Тамбов жаяу әскер училищесінде оқыған. 1945 жылдың басында жас лейтенент майданға аттанып, 725 гвардиялық әскери дивизиясының 133 атқыштар полкында взвод басқарған. Жаумен алғашқы кездесуі Польшаның Лодзь қаласында басталса одан кейін Чехославакия, Венгрия босату майданына қатысқан. Жеңісті Берлиннің түбінде қарсы алған. Жеңістен кейін Петр Бирюковтың пулеметшілер взводы Чехославакия, Австрия және Венргия жерінде қызмет еткен. 1948 жылы ғана Петр Иванович әскери қызметінен босатылыпты. Соғысқа жанқиярлықпен қатысқаны үшін «ІІ дәрежелі Отан соғыысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Еңбек Даңқы» орденімен және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. 

Василий Вигулярный 1926 жылдың 30 мамырында Атбасар ауданының Покровка селосында дүниеге келген. Майданға 17 жасында 111 атқыштар дивизиясының қатарында аттанған. Василий Афанасьевич Белоруссия, Балтық елдерін азат етуге атсалысқан. Минск, Витебск, Могилев қалаларында соғысқан. Жеңісті Кенисберг қаласында атап өткен. Ташкент, Ашхабад қалаларында қызмет еткен. 1945-1950 жылдары Ташкентте тұрып қаланы қалпына келтіруге көмектескен. Майдандағы ерліктері үшін «Отан соғысы», «Ерлігі үшін» және басқа да мерейтойлық медальдарды иеленген.

Майдангер Арсений Щудляк 1925 жылдың 22 наурызында Украинаның Карытно селосында дүниеге келген. Жапониямен соғыста Андунь қаласын азат етуге қатысқан. 1945 жылдың қарашасынан 1946 жылдың наурызына дейін 18 мотоатқыштар бригадасында, 1946 жылдың наурызынан 1948 жылдың сәуіріне дейін 268 автомобиль батальонында жүргізуші болып қызмет еткен. Соғыстан кейін Сібірден автокөліпен Омблы қаласына нан тасыған. 1948 жылдың мамырында әскери қызметтен босаған. Арсений Андреевич «ІІ дәрежелі Отан соғысы», орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Георгий Жуков» және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. 

Иосиф Комин 1927 жылдың 5 мамырында Белоруссияның Бильдюги селосында дүниеге келген Вологда қаласының жаяулар әскерінде пулеметші болып, кейін Калининград қаласында әскери қызмет атқарған. Алты жыл бойы әскери полигондарда қызмет еткен. Батырлығы мен адал қызметі үшін Иосиф Комин «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Белоруссияның азат еткені үшін» басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. 

Майдангер Антон Лысенко 1925 жылдың 29 қаңтарында дүниеге келгкен. Әскерге 18 жасында қиыршығыс майданына аттанып Маньчжур операциясында Жапонияның Квантун армиясына қарсы соғысқа қатысқан. Жеңісті Австрияда атап өткен. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 

Соғыс ардагерлерінің бірі Анатолий Комяков 1925 жылдың 24 желтоқсанында дүниеге келген. Майданға 1943 жылдың қаңтарында өз еркімен аттанып 3 Украина майданының 244 дивизиясының 325 ротасының атқышы болып енген. Донбасс, Австрия, Венгрия, Украинаны азат ету майдандарына қатысқан. Жеңіс күнін Румынияда лазаретте кезекті жарақатымен қарсы алған. Төрт мәрте жарақат алып соңғысынан кейін қатардағы армияға оралған. Полк барлаушысы болып қызмет еткен. Ерліктері үшін «ІІІ дәрежелі даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Одессаны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. 

Ақмола облысында 9 мамыр Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілген тыл еңбеккерлері бір жолғы әлеуметтік көмек алады. Төлем 3471 адамға берілмек. Жеті соғыс ардагеріне 1,5 миллион теңгеден 10,5 миллион теңге мөлшерінде төлем берілмек. Ал Бұланды ауданының ардагері Лысенкоға толықтай мемлекеттік қамқорлығында болғандықтан төлем қарастырылмапты. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ