Өңірде білікті кадрлар тапшылығы мәселесін шешу, олардың ауылдық жерлерде орнығуын қамтамасыз ету мақсатындатүрлі әдістер іздестірілуде және қолданылуда, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Дәл осындай пәрменді шаралардың бірі 2017 жылдан бастап Ақмола облысы әкімінің сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлауға арналған білім беру гранттарын беру ісі болды. Аталған гранттар білікті педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған.
Соңғы алты жыл ішінде жалпы 955 грант бөлінген.
Биыл да 195 грант көлемінде мемлекеттік білім беру тапсырысы қарастырылған.
Білім басқармасының ақпараты бойынша, педагогикалық мамандықтарға-100 грант (бакалавриат); жылу энергетикасына - 10 (бакалавриат); медициналық мамандықтарға - 50 грант (бакалавриат) және 35 грант (резидентура) бөлінді.
Облыстық ведомствода атап өткендей, білім беру гранты конкурстық негізде жүзеге асырылады.
«Ереже бойынша оларға республикалық гранттар конкурсынан өтпеген барлық қазақстандық түлектер үміткер бола алады. Бұл ретте өңір басшысының гранты арқылы тек Ақмола облысында ғана емес, сонымен қатар еліміздің өзге де университеттерінде оқуға болады. Ол үшін ЖОО бізге өтінім береді — біз конкурс жариялаймыз. Биылғы байқауға тоғыз жоғары оқу орны қатысты. Міндетті шарт-Ақмола облысының аумағында үш жыл жұмыс істеу», - деп атап өтті білім басқармасының өкілдері.
Айта кетейік, жастардың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, оларды сапалы кәсіптік білім алуға ынталандыру мақсатында 2011 жылдан бастап Ақмола облысы әкімінің атаулы шәкіртақысы да беріліп келеді.
Бүгінгі таңда облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы алушылар саны 244 адамды құрайды. Мамандықтар тізімі өте кең, еліміздің 14 жоғары оқу орнында оқытылатын бағыттарбойынша шамамен 42 атау ұсынылған.
Құжаттарды қабылдауды, барлық білім беру гранттары берілгеннен кейін, шамамен 14-15 қыркүйекте ішкі саясат басқармасыжүзеге асырады.
Ақмола облысының әкімдігі ұсынған материал
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!