Ақмола облысында жаңа көліктер тиелген екі жүк көлігі жол апатына түсті

Ақмола облысында жаңа көліктер тиелген екі жүк көлігі жол апатына түсті
Фото: Ақмола облысының ПД

Ақмола облысында 15 жаңа көлік тиелген екі арнайы жүк көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Massaget.kz.

Ақмола облысы ПД мәліметінше, жол апаты 13 қарашада Астана – Атбасар – Жақсы тасжолының 131-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша шетелдік жүргізушілер тізгіндеген жүк көліктері Қорғастан Ресей Федерациясына бағыт алып, ірі көлік партиясын тасымалдап бара жатқан.

Фото: Ақмола облысы ПД /Жүк көлігінен түсіп қалған көліктер

"Қозғалыс кезінде бірінші жүк көлігінің жүргізушісі жолдағы көктайғаққа байланысты тізгінге ие бола алмай қалған. Салдарынан көп тонналық фуралар жол жиегіне шығып кетіп, аударылды. Жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ", - деді полициядағылар.

Жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция жүргізушілерді жол жүру ережелерін сақтауға, әсіресе, ірі габаритті көліктерді тізгіндеу кезінде мұқият болуға шақырды.

Сурет: Ақмола облысы ПД

Қыста жолдарда көктайғақ болған кезде жол апаты қаупі артады. Жүргізушілерге жылдамдықты азайту, қауіпсіз арақашықтықты сақтау, шұғыл тежеу мен маневр жасаудан аулақ болу, сондай-ақ, жазғы дөңгелектерді қысқысына уақтылы ауыстыру ұсынылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget