Ақмола облысында хабарсыз кеткен 86 жастағы қария көлігінің ішінен табылды

Ақмола облысында хабарсыз кеткен 86 жастағы қария көлігінің ішінен табылды
Фото: Polisia.kz

Ақмола облысында полиция қызметкерлері Сандықтау ауданына қарасты Шаңтөбе кентінің 86 жастағы тұрғынын тауып, отбасына аман-есен жеткізді. Қария өз көлігімен жолға шыққаннан кейін хабарсыз кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жалғыз тұратын зейнеткер ВАЗ-2107 көлігімен жолға шыққан. Алайда қозғалыс кезінде көлік орға түсіп кеткен. Қария ол жерден өз бетімен шыға алмаған, болған жағдай туралы туыстарына хабар бере алмаған.

Туыстары келесі күні қария байланысқа шықпай қалғанда дабыл қаққан. Олар ер адамның жоғалғаны туралы Сандықтау аудандық полиция бөліміне хабарлаған.

"Полицейлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, зейнеткердің жүру бағытын анықтады және одан арғы іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды. Сол күні көлік ордан табылды. Зейнеткер көлік ішінде болған. Ер адам туыстарына жеткізілді", - деп хабарлады полиция қызметкерлері.

Қарияның немересі дер кезінде көмекке келген тәртіп сақшыларына алғысын білдірді. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері қиын сәтте отбасына қолдау көрсетіп қана қоймай, көлікті ордан шығарып алуға да көмектескен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget