Ақмола облысының Қоянды ауылында үй өртеніп, екі бала тірідей жанып кете жаздады. Үйде қараусыз қалған екі және үш жастағы қыздарды қызыл жалын ішінен көршісі аман алып шықты, - деп хабарлайды "Еуразия" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, өрт тұтанған уақытта үйде ересектердің ешқайсы болмаған. Терезеден шығып жатқан түтінді сол маңда экскаваторда жұмыс істеген Талғат Жексембеков байқап қалған.
Ер адам көмек беруге асығып, үйге кіру үшін есіктегі үлкен құлыпты бұзған.
"Үй жабық тұр, іштен жылаған балалардың дауысы естіледі. Түтін ғой, еңкейіп қарасам, кереует тұр екен, ол жанып жатыр, оның үстінде балалар жылап отыр. Қолымды созып едім, жұмсақ нәрсе қолыма тиді, балалардың бірінің басы екенін ұқтым, бірден оны көтеріп алдым. Сөйтіп сыртқа ұмтылдым. Есіктің жанына келгенде аяғым шалына бастады. Түтіннен болуы керек", - дейді ол.
Талғат қызды көтеріп алғанда екінші бала олардың артынан жүгірген. Екі бала да ауруханаға түсті. Беті мен аяқ-қолы күйген.
Төтенше жағдай кезінде қыздардың әкесі жұмыста болған, ал анасы күйеуіне түскі ас апарып беруге кетіпті. Мұның арты бұдан да жаман болар ма еді, өйткені үйде газ баллондары болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт сіріңкемен ойнағаннан туған.
Кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырған ата-анаға әкімшілік айыппұл салынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!