- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмола облысында екі...
Ақмола облысында екі әкімге егеуқұйрықтың кесірінен қатаң сөгіс жарияланды
Ақмола облысында екі әкімге егеуқұйрықтың кесірінен қатаң сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитовке Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың су тасқынының салдарын жою жөніндегі бірқатар тапсырмаларын тиісінше орындамағаны үшін қатаң сөгіс жарияланды.
"Жарқайың ауданының әкімдігі белгіленген мерзімде пәтерлер мен үйлер сатып алу, сондай-ақ су тасқынынан келтірілген мүліктік зиян үшін өтемақы төлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды аяқтамады, тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттарды уақытында қалпына келтіру мен рәсімдеуді қамтамасыз етпеді, соның салдарынан зардап шеккен отбасыларға үй сатып алу мерзімдері өзгерді. Халықпен жүргізілетін алдын алу жұмысының осалдығы тұрғындардың наразылығына әкелді. Облыс әкімінің өкімімен Жанболат Хамитов тәртіптік жазаға тартылды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар, Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатовқа қоқыс шығару бойынша жұмыстың тиісті деңгейінде жүргізілмегені үшін қатаң сөгіс жарияланды.
"Аудан орталығының көшелерінде егеуқұйрықтар мен антисанитарияның орын алуымен жағдай ушығып кетті. Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ауданды абаттандыру жөніндегі тікелей тапсырмасына да, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі бірқатар жарияланымдардан кейін де аудан әкімдігі тарапынан тиісті назар аударылмады. Облыс әкімінің өкімімен Нұрлан Мұқатовқа тәртіптік жаза қолданылды", - дейді облыстық әкімдік өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина