Ақмола облысы Есіл ауданында мемлекеттік қызметшілер құмар ойындарға қатысқаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Есіл ауданы прокуратурасы мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын қаншалық сақтайтынын талдаған. Талдау барысында интернет арқылы букмекерлік кеңселерде бәс тігумен айналысқан 2 мемлекеттік қызметші анықталған.
Олардың бірі Есіл ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, екіншісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы лауазымдарын атқарған.
"Прокурорлық ден қою шаралары нәтижесінде екі лауазымды тұлға да атқарып отырған лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекеттік қызметшілерге мұндай әрекеттерге баруға болмайды. Олар заңда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауы қажет.
Еске салайық, бұған дейін де Ақмола облысында құмар ойындарға қатысып, бәс тіккен мемлекеттік қызметшілер анықталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!