Ақмола облысында бөгет бұзылды: оқиға орнында не болып жатыр?

Ақмола облысы Қорғалжын ауданында еріген қар суы келуіне байланысты Шөптікөл бөгеті бұзылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға орнында облыс әкімі Марат Ахметжанов пен төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков бар. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның жетекшілігімен жедел штаб құрылған.

"Қазір жақын маңдағы елді мекен Сабынды ауылын су басу қаупі толық жойылды, барлық нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдар, ТЖМ күштері және тұрғындар Астана-Қорғалжын республикалық тасжолы арқылы еріген суды далаға бұрып жатыр", - деп жазылған өңір әкімдігі хабарламасында.

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 56 техника және 230-дан аса жергілікті тұрғын, ТЖМ жеке құрамы жұмылдырылған. 5 мың қап және 50 мың тонна инертті материал дайындалған. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.

Суреттер: Ақмола облысы әкімдігі

Айта кетейік, Шөптікөл бөгетінің сыйымдылығы - 4,71 млн текше метр су. Су айдынының аумағы - 157 гектар, орташа тереңдігі - шамамен 3 метр. Бұл нысан Астана-Қорғалжын республикалық тасжолының бір бөлігін су басудан қорғайды, сондай-ақ, Шевченко және Балқаш тоғандарын сумен қамтамасыз етеді.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында бөгет бұзылғаны хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!