Ақмола облысында қаңтар айының басында 95 көлік соқтығысқан жол апатына кім кінәлі? Бұл сауалды журналистер ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басшысының орынбасары Аслан Уәкішевке қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, апаттың себебін анықтау Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне кірмейді. Оқиғаға қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр.
"Түсінік бере алмаймын, тергеу жүріп жатыр. Біздің құзыретімізге зардап шеккендерді құтқару және эвакуациялау кіреді. Бөлімшелеріміз үйлесімді жұмыс істеді, мүмкіндігінше адамдарды құтқарды, эвакуациялады, жылыту пунктілеріне жеткізді. Жылыту пунктілерінен Астанаға немесе басқа қалаларға баратындарды пойыздарға отырғыздық. ТЖМ тиесілі барлық іс-шара орындалды", - деді Уәкішев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Уәкішев қолайсыз ауа райы кезінде полицияның Астана - Щучье тасжолында көліктерге еріп жүргенін еске салды.
"Кейбір жауапсыз жүргізушілер бірін-бірі басып оза бастаған шығар, бәлкім, бәрі осыдан басталды, бірақ әлі де тергеу жүріп жатыр", - деді ол.
95 көлік соқтығысқан оқиға
Еске салайық, 3 қаңтарда Астана - Щучинск тасжолында 40 көлік соқтығысты. Ақмола облысы Біржан сал ауданының Қоғам ауылы мен Қаратал ауылы арасында күн (боран) бұзылды.
Кейінірек Астана маңындағы тасжолда соқтығысқан көліктер саны 95-ке жетті. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лес