Ақмола облысында 3 миллиард теңге бөлінген жол құрылысы орта жолдан тоқтап қалды

Ақмола облысында 3 миллиард теңге бөлінген жол құрылысы орта жолдан тоқтап қалды
Фото: тұрғындар ұсынған сурет

Елорданың тап іргесінде тұрған Целиноград ауданына қарасты Қаражар мен Жаңажол ауылдары арасын жалғайтын жолды жөндеу жұмыстарында үш жылдан бері өрескел заңбұзушылықтар жіберілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жол құрылысына бюджет қоржынынан 3 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Алайда мердігер ұйым үш жыл бойы аса қомақты қаражат бөлінген жолға тиісті технологияларды қолданбай, құрылысқа мүлдем жарамсыз топырақ қолданған. Оған қоса асфальт жабу жұмыстары ешқандай техникалық қадағалаусыз ұйымдастырылғаны, тіпті бекітілген жобаға мүлде кереғар жүзеге асырылғаны анықталды.

Тұрғындар ұсынған сурет

Бұл заңбұзушылықтарды негізге алған мемлекеттік қадағалау органдары мердігер мен жауапты қызметтегілер жауапқа тартылатынын жеткізді.

"Целиноград аудандық прокуратурасы қабылдаған шаралар негізінде мердігермен келісімшарт тоқтатылды. Сотқа мердігерді мемлекеттік сатып алудың негізсіз қатысушысы деп тану және өсімақы өндіріп алу туралы талап арыз берілді. Қазір жөндеу жұмыстары толық тоқтатылып, әкімдік жаңа конкурс жариялау жұмыстарына кірісті. Осылайша, 3 миллиард теңгенің негізсіз бөлінуіне жол берілмеді", - дейді Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі өкілі.

Құрылыс жұмыстарын бақыламаған жауапты тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz