Ақмола облысының 22 мектеп асханасында заңбұзушылық анықталды. Облыстың санитария қызметі мекемелерге жалпы сомасы 6 миллион теңгеден астам 24 әкімшілік айыппұл салып, 21 ұйғарым шығарған. Бұл туралы AMANAT партиясы фракциясы мүшелерінің кезекті кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеодан кейін Қосшы қаласының №2 орта мектебінде үлкен дау шыққан. Балалар ішкен, пайдаланылған ыдыстағы қалған тамақ жаңа ыдыспен басқа балаларға берілген. Кадрда асхана қызметкері балалар тауыспаған тамақты бір ыдысқа салғаны көрінеді. Бұл оқиғадан кейін мектеп асханасында тексеріс басталды.
"№2 Қосшы орта мектебі ата-аналарынан балалардың тағамына қатысты шағым түсті. Оған бейнежазба да қоса берілді. Қосшы қаласының білім басқармасы да өтініш берді. Қосшы қаласының №2 мектебін "Бәйтерек" жеке кәсіпкерлігіне жоспардан тыс зертханалық зерттеу әдісімен тексеріс өткізілді. Заңбұзушылық деректер расталып, өндіріс бақылауы болмағаны, құрал-жабдықтарға таңбалар салынбағаны анықталды. Қоғамдық тамақтану нысандарында санитария-эпидемиологиялық талаптар өрескел бұзылған. Осыған байланысты "Бәйтерек" жеке кәсіпкерлігіне Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша 396 750 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Заңбұзушылықтарды жоюға нұсқау берілді. Өтініште нақты негіздемелердің болмауына байланысты Кәсіпкерлік кодекстің 425-бабы 5-тармағы 3-тармақшасына сәйкес Қосшы қаласындағы ІТ мектеп-лицейіне "Бәйтерек" жеке кәсіпкерлігіне жоспардан тыс тексеріс өткізу мүмкін болмады", - дейді Ақмола облысының бас санитария дәрігері Айнагүл Мусина.
Облыс аумағында бүгінде 536 мектеп болса, оның 471-інде ыстық тамақ ұйымдастырылады. Өңірдің 15 мектебінде асхана болмағандықтан, ыстық тамақ мүлде берілмейтін болып шықты. 471 мектеп асханасының 221-і жеке кәсіпкерлер жалға алған болып шықты. Дәл осы дерек, яғни мектеп асханаларында кәсіпкерлердің қызмет көрсетуі мектеп асханаларын мұқият тексеруге кедергі келтірген.
4 ай ішінде ғана Ақмола облысының кестеге сәйкес асханасы бар 29 мектептерді тексеру кезінде 22 мектеп асханасынан заңбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 6 миллион 813 мың теңге сомасына 24 әкімшілік айыппұл салынды. Осыған орай 21 нұсқау берілген.
Еске салайық, былтыр Бурабай ауданында спорт мектебінде тұрып оқитын 4 бірдей оқушы астан уланған. Биыл IQanat High School of Burabay мектебінде тағы да астан улану дерегі болды. Тексеріс нәтижесінде бұл мекеменің 6 қызметкерінен стафиллок инфекциясы анықталған.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!