Ақмола облысында 17 жастағы жігітті кене шағып, жансақтау бөліміне түсті

Ақмола облысында 17 жастағы жасөспірім кене шаққаннан кейін ауыр халде ауруханаға түсті. Қазір ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған алдын ала "кене энцефалиті" диагнозын қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жасөспірімді кене 16 мамырда шаққан. Алайда отбасы бірден дәрігерге жүгінбеген және бұл туралы тиісті мамандарға хабарламаған. Біраз уақыттан кейін оның жағдайы күрт нашарлаған.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың ес-түс деңгейі бұзылған. Қазір дәрігерлер қажетті тексерулер мен емдеу шараларын жүргізіп жатыр.

Мамандар кене шаққаннан кейін ауру белгілері бірден байқалмауы мүмкін екенін ескертеді. Кей жағдайда адам өзін бір апта немесе одан да ұзақ уақыт жақсы сезінуі ықтимал.

"Әдетте алғашқы белгілер 7-10 күннен кейін пайда болады. Кене энцефалитінің асқынуы өте қауіпті, өйткені вирус орталық жүйке жүйесін, яғни бас миы мен жұлынды зақымдайды. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін", – деді облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ербол Жұмағалиев.

Маусым басталғалы бері Ақмола облысында кене шаққан 500-ге жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Бурабай және Сандықтау аудандарында үш тұрғыннан кене энцефалиті расталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!