Ақмола облысы тұрғынының 123 қойын өзінің туған жиені ұрлаған

Ақмола облысы тұрғынының 123 қойын өзінің туған жиені ұрлаған
Фото: polisia.kz

Ақмола полицейлері 7 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілерді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жақсы ауданының Белағаш ауылының тұрғыны 12 тамызда ұсақ малдың ұрланғаны туралы өтінішпен жүгінді.

Жергілікті кәсіпкердің айтуынша, белгісіз біреулер шалғай учаскенің аумағынан 123 қойды ұрлап кеткен. Полицейлер мән-жайларды тексере келе, қаскүнемнің жазғы шарбағынан малдарды алып, ауыл тұрғынына 7 млн теңгеден астам залал келтіргенін анықтады.

Осы фактіге қатысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады және жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Жақсы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері қысқа мерзімде ірі ұрлық жасады деген күдікке ілінген топтың 4 мүшесін әшкерелеп, ұстады. Бір қызығы, ұсталғандардың бірі жәбірленушінің туған жиені болып шықты және ол басының саны мен орналасқан жері туралы нақты ақпаратқа ие болды.

Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде ұсталғандардың төртеуі де Атбасар қаласының тұрғындары және ет өнімдерін сатып алушылар екені анықталды. Олар ұрланған қойлардың өлекселерін  жергілікті дәмханаларға, ет сату дүкендеріне және жеке адамдарға сатқан. Барлық айғақтар арнайы тергеу іс-шаралары барысында расталды.

Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер ұсталғандардың аймақ аумағындағы басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан