“Әкімдіктер министрліктерге сілтейді“: Бектенов бірнеше өңірді сынады

“Әкімдіктер министрліктерге сілтейді“: Бектенов бірнеше өңірді сынады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов жылу көздерін жаңғырту қарқынына қатысты әкімдіктер жұмысындағы олқылықтарға тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысында премьер-министр бірқатар өңірдегі энергия көздерін жөндеу жұмыстары кешігіп жатқанына назар аударды:

  • Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталмаған.
  • Ал Маңғыстау облысында "МАЭК-тің" 2-ші жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген.
  • Қостанай облысында Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу 10 сәуірден бері басталмаған.
  • Арқалық жылу станциясындағы қазандық бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр.
  • Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстарының қарқыны да тым баяу.

"Мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылау жоқтығын білдіреді. Әкімдіктер министрліктерге сілтеп немесе қаражат жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, бұл жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымына дайындық - әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті", - деді премьер-министр.

Өңір әкімдіктері конкурстық рәсімдерді екі апта ішінде аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі керек.

"Басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыздан кешіктірмей аяқтау қажет. Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуды және барлық туындаған қауіп бойынша шұғыл әрекет етуді тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget