Олжас Бектенов әкімдіктерге жол жұмыстарын жүргізу кезіндегі кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Автожол саласын дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысы барысында премьер-министр Олжас Бектенов биыл елімізде бірқатар ірі жоба аяқталатынын айтты. Олардың қатарында "Қарағанды - Алматы", "Ақтөбе - Қандыағаш", "Атырау - Астрахань" және "Талдықорған - Өскемен" бар. Сондай-ақ, шамамен 2,5 мың шақырым республикалық жолдарда жөндеу жұмыстары қолға алынды.
"Іске асырылып жатқан жобалардан басқа, жаңаларын уақтылы жобалау мен дайындауды қамтамасыз ету қажет. Бірінші кезекте жер учаскелерін алдын ала резервке қою керек. Жобалардың іске асырылуы алдымен осыған байланысты. Келесі өзекті мәселенің бірі - қаржыландыру. Кейбір өңірлерде жалпы сипаттағы трансферттерді игеру қарқыны төмен. Мысалы, мұндай проблемалар Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарында бар", - деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов қазақстандықтардың негізінен жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйіне қатысты шағымдарына да тоқталды.
"Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті, жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақылау жүргізілмей жатыр? Бірінші кезекте тұрғындардың шағымдарына дереу жауап беру керек", - деді премьер-министр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!