- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әкімдік жанайқайымызға назар...
"Әкімдік жанайқайымызға назар аудармай отыр". Алматыда былтыр ғана салынған балалар ойын алаңы қирап жатыр
Медеу ауданы Достық 109 Б мекенжайының тұрғындары ауладағы балалар ойын алаңының сапасыздығына шағым түсірді. Айтуларынша, былтыр ғана орнатылған құрылғылардың түбі босап тұр. Енді балаларының үстіне құлап кете ме деп қауіптенеді. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып, тұрғындарымен тілдесіп қайтты.
Самат Омаров бауырларын ойын алаңына жалғыз жіберуге қорқады. Себебі ойын алаңындағы темір құрылғалар балалардың басына түсіп кете ме деп алаңдайды. Тұрғынның көкейінде күмәннің болуы да - заңдылық. Себебі жайшылықта қозғалып тұрған ойын құралдары жел тұрса жанындағы адамды майып етуі әбден мүмкін.
Мұндай мәселе әдетте тұрғындар әкімдікке шағым жазғаннан кейін шешіліп жататын. Алайда балалар ойын алаңының сапасына көңілі толмаған ағайынның арызына әкімдік тарапынан бір аптадан бері жауап жоқ.
"Әкімдікке айтқанымызға бір аптадан асып кетті. Бәрі сынып тұр, қараңдар деп бейнежазба жібердік. Алайда бұл жерге келіп бас сұққан әкімдік өкілдерін көрмедік. Ешкімнің мәселеге назар аударғысы келмейді. Әкімдік жанайқайымызға назар аудармай отыр. Сонда ойын құрылғыларын қайта қалыпқа келтіру үшін міндетті түрде баланың қолы шығып, аяғын ауыртуы керек пе?" - дейді қала тұрғыны.
Тұрғынның төтеден қойған сауалына жауап алу үшін "Медеу" аудандық әкімдігіне бардық. Сөздерінше, мәселемен таныс көрінеді. Ойын алаңына жауапты "Серік БизнесҚұрылыс" ЖШС-не қираған құрылғыларды өз есебінен жөндеуге пәрмен беріліпті.
"Ауланы күрделі жөндеу 2019 жылы жүргізілді. 2021 жылы қайта қалпына келтірілді. Бұл аулада кепілдік міндеттемелерге сәйкес қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ақаулы актіге сәйкес қалпына келтіру мердігерлік ұйым есебінен жөнделеді. Алайда, вандализм жағдайында мердігер қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбейді. Мердігер ұйым бір апта ішінде балалар ойын алаңын қалпына келтіреді, - деді Медеу ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Какетаев.
Сол ойын алаңынан 100 метр аралықта жаттығу алаңының да қирап жатқанын көрдік. Тіпті алаңда тұрған құрал арықтың ішіне түсіп кеткен. Әкімдіктегілер егер бұл бұзақылық әрекет болса, қалпына келтіру жұмыстарына жауапты компания жүргізбейтіндігін баса айтты.
Жазғы демалыста балалар уақытының басым бөлігін осы ойын алаңдарында өткізетіні анық. Күйбең тіршіліктен қолы босамайтын ата-ана ұл-қызын үнемі қадағалап отыра алмайды. Сондықтан қайғылы жағдай орын алмасы үшін балалар ойын-алаңының сапасын жақсартып, мердігер компанияларға жауапкершілікті күшейту керек. Айта кетейік "Медеу" ауданында 536 аула болса, биыл соның 100-ге жуығы жөнделіпті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов