- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әкімдік елемеген әже:...
Әкімдік елемеген әже: Өскеменде он жыл бойы марапат алмаған тыл ардагері тұрады
Қала әкімдігінің қамқорлығынан қағылған кейуана жайлы кездейсоқ естідік. Тылда жүріп тер төккен Жазира Мергенчинованың оқырман үшін де, көпшілік үшін де сый-құрметтен шет қалғаны - шынымен қызық жайт. Massaget.kz тілшісі жағдайды білу үшін Жазира Мергенчиновамен жолығып, қала әкімдігіне де хабарласқан болатын.
"Ондайды естімедік, көрмедік"
Жауапты тұлғалардың жауабын негізге алып, тұщымды ақпарат ұсыну қиын. Қала басшылығындағылар тиісті сұрақтарды тізбелеп, Өскемен қаласы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жібергендіктерін жеткізді. Атауы ұзақ мекеменің жіберген жауабы тым қысқа, әрі толымсыз. Алдымен оқиға барысына үңілейік.
Жазира Мергенчинова қазір Абай даңғылы мекенжайында тұрады. Самара өңірінен Өскеменге 2013 жылы қоныс аударған. Әрине, жалғыз емес: келіні, ұлы және қос немересімен у-шуы үзілмейтін қалаға ат басын тіреді. Содан бері қаншама жыл өтсе де Жеңіс күні, Қарттар күні қарсаңында сыйлық тұрмақ, бір құшақ гүл де қолына алмапты.
Мергенчиновтар шаңырағы облыс орталығына келе салысымен тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеліп қойған. Жазира әжеміздің әр жылы елеусіз, қарттарды қамтитын мейрам күндерін жым-жырт өткізетіні, әсіресе, ұлы Дулат Биғазыұлының жанына батады. Әкімдік пен тиісті мекемелердің есігін қағып, "қарт адамға құттықтау бола ма?" деп Өскеменге келгелі бір-екі рет барған екен. Тыл ардагері, "Ана даңқы" ордені, "Алтын алқа" иегері үш жылдан аса уақыт бұрын баспана кезегіне тұрған. Бірақ кезек жарытып жылжымаған көрінеді. Тоқсанның екеуін толтырған әжеміздің қазір шенеуніктер қарастырған сый-құрметтен күдер үзгенін әңгімесін тыңдай отырып аңғару қиын емес.
"Жо-жоқ, ондайды естімедік, көрмедік. Осында келгелі мүлгіген тыныштық. Ауылда жүргенде Жеңіс күні "әкімияттағылар" әр жылы сыйлық әкеліп, бір ауыз құттықтауын жеткізуші еді", – деген Жазира Мергенчинова тылдағы тынымсыз тірліктен де үзінділер айтып берді.
"Бір реттік әлеуметтік төлем көрсетілді"
Ол болашақ жары Биғазы ақсақалмен колхоз жұмысында жүргенде танысып, отау құрды. Отағасымен тату-тәтті ғұмыр кешіп, төрт ұл, төрт қыз сүйді. Өскеменге қоныс аудармай тұрып, I, II, III дәрежелі "Ана даңқы" орденін алған, "Медаль материнства" деген төсбелгі де берілген. Әр жылы Ұлы Жеңіске 50, 55, 60, 65, 70, 75 жыл мерекелік медальдарын да кеудесіне таққан. Ауданда әкімдік назарынан тыс қалмаған қарт қалаға келіп мүлде елеусіз қалған.
Жыл санап соғыс және тыл ардагерлерінің қатары сиреп келе жатқаны рас. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер мәліметінше, Өскемен бойынша 3519 тыл ардагері тіркелген.
"Қалалық мәслихат сессиясы шешімімен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары тізбесін айқындаудың қағидаларына" сәйкес 9 мамыр Жеңіс күніне орай 2022 жылғы 25 сәуірдегі №97 қаулысы негізінде 7500 теңге қосымша тағайындалды. Барлығын қосқанда тыл ардагерлеріне 50 мың теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік төлем көрсетілді", - делінген ақпарда.
Дулат Биғазыұлының сөзінше, тыл ардагері баспана кезегінде 304-ші болып тұр. Осыған қарап-ақ тыл ардагерлері үшін баспана кезегіне тұрғанның берері шамалы сияқты. Сайып келгенде Өскемен әкімдігі он жыл көлемінде тырп етпепті. Қызығы сол, ресми жауап ұсынған бөлім өкілдері Жазира Мергенчинова Өскемен қаласының тұрғыны болып 2018 жылы 24 тамызда тұрғанын жеткізді. Тіпті, мұның өзін былай ысыра тұрғанда, кейуананың мүлде марапат көрмеуі шенеунік атаулының шын немқұрайлығы сияқты. Немереден асып, шөбере сүйген қарт жақындарын көрсе жазбай таниды. Тек жас күнінде суық сіңірген денесі қазір шаншып, сүйегі сырқырап, мазасы кетеді.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы