№1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан қала сыртындағы жаңа ғимаратқа көшірілмейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездескен. Жағдайды жан-жақты зерттеу мақсатында облыс әкімі балалар үйінің өкілдерімен, оның ішінде директор Роза Бекішева, педагогтар және тәрбиеленушілермен сөйлесен. Талқылауға Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Бесбаева, Қонаев қаласының әкімі және тиісті ведомство өкілдері қатысқан.
Бұған дейін білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы мекемеге барып, ондағы жағдаймен танысып, қызметкерлердің көшу және жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша пікірлерін тыңдаған.
"Біздің мақсатымыз - балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады", - деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.
"Балалар Алматыда қалғысы келетінін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда басты назарға алынды", дейді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар, облыста жаңа балалар үйінің құрылысы жалғасып жатыр. Жалпы ауданы 4000 шаршы метр болатын заманауи ғимарат 240 орынға есептелген. Онда жатын бөлмелер, оқу сыныптары және демалыс аймақтары қарастырылған. Жақын маңда 900 орындық мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді.
Кешен жазда ашылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек жаңа ғимараттың бір бөлігі Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі.
Бұған дейін не болды?
Айта кетейік, бұған дейін №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқанына шағынды.
Олардың үндеуі әлеуметтік желілерде пайда болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова