Әкімдік "Алматыда тұтас гранит плиталарды ауыстырып жатыр" дейтін ақпаратты жоққа шығарды

Әкімдік "Алматыда тұтас гранит плиталарды ауыстырып жатыр" дейтін ақпаратты жоққа шығарды

Алматыда тозығы жеткен саябақтар мен скверлерді қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда әлеуметтік желілерде бүкіл гранит плиталарын жаңарту туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселен, Уәлиханов атындағы саябақ пен Қонаев көшесі жағынан видеокадрларға түскен гүлзарлар мен гранитті плиталардың шамамен 80-85 пайызы сақталады, тек сынған және қайта қалпына келмейтін гранит плиткалар ғана ауыстырылады.

Медеу ауданы әкімдігінің ақпаратынша, биыл ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым ордасының ғимараты - сәулет ескерткішін күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары басталды. Осы жоба аясында іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары да жоспарланған.

Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта гранитті плитканы қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстары басталды. Олар тазалау үшін алынып, кейін қайта өз орнына қойылады.

"Тірек қабырғаларының гранит плиталары, сондай-ақ гүлзарлар мен тротуарларды жиектейтін шекаралар бөлшектелмейтінін ескеру маңызды. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары барысында субұрқақтар жүйесі тазаланады. Жұмыстарды биылғы қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. 

Осындай жұмыстарды Қонаев көшесі жағынан Ғылым ордасының ғимаратына іргелес жатқан скверде жүргізу көзделген. Мұндағы гранитті плиталар да қалпына келтіріліп, тазалап, тегістегеннен кейін орнына қайтарылады. Сонымен қатар алаңда жарықтандыру тіректері орнатылып, бұталар мен гүлзарлар отырғызылады. Осы жылдың қазан айында аяқталады", - делінген хабарламада.

Әкімдіктің хабарына қарағанда, екі нысан бойынша жұмыстар жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында Пушкин көшесінің бойындағы скверде жөндеу жұмыстары басталды. Мұнда жарықтандыру тіректері қалпына келтіріліп, Александр Пушкин ескерткішінің алдындағы төсеніштер ауыстырылады, жасыл екпелердің автомат суару жүйесі орнатылады, бұталар мен гүлзарлар отырғызылады.

"Зодиак белгілері" субұрқағының айналасындағы гранит плиткалар жақсы сақталған, сондықтан алынбайды. Жұмыстар биылғы қазан айында аяқталады.

Бұған дейін Дінмұхамед Қонаев атындағы скверде сыртқы жарықтандыруды қалпына келтіру жұмыстары туралы хабарланған еді. Қазірге дейін 26 тірек пен 56 шамды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан