Әкімдік 400 миллион теңгеге жиһаз алмақ болған

Әкімдік 400 миллион теңгеге жиһаз алмақ болған
Фото: depositphotos.com

Абай облысы әкімдігі 410 миллион теңгеге жиһаз сатып алуды жоспарлаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде Абай облысы әкімдігі 400 миллион теңгеден аса сомаға кеңсе жиһазын сатып алуға тендер жариялағаны туралы ақпарат тарады. Тізімде бес кабинетке арналған қымбат үстелдер, дивандар, орындықтар көрсетілген. Жиһазды жасау үшін шамамен 50 маман қажет болатыны айтылған.

Кеңсе жиһазын сатып алуға тендер жарияланғанына қарамастан, Абай облысы әкімінің шешімімен сатып алу рәсімі тоқтатылғаны белгілі болды.

"2022 жылы облыс құрылған сәттен бастап әкім аппараты мен оған қарасты 23 басқармаға жиһаз сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізілмеген. Қазір 639 қызметкер бұрын Семей әкімдігінің балансынан шығарылған тозған жиһазды пайдаланып отыр. Бірқатар басқармада қызметкерлер жиһазды үйден әкеліп қолдануға мәжбүр. Қызметкерлерге қолайсыздық тудыратын осы мәселені шешу мақсатында 2024 жылы мемлекеттік сатып алу бастамасы көтерілді. Былтырдан бастап конкурс жеті рет жарияланды, алайда жеткізушілер ұсынған конкурс құжаттары сәйкес келмеуіне байланысты барлық рәсім шегерілді", – деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.

Облыс әкімі мемлекеттік сатып алуды тоқтату туралы шешімді қандай себеппен қабылдағаны нақтыланбаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget