Әкімдер, министрлік өкілдері: қазақстандықтар қандай шенеуніктерді жиі сотқа береді?

Әкімдер, министрлік өкілдері: қазақстандықтар қандай шенеуніктерді жиі сотқа береді?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда азаматтар шенеуніктерге қарсы сотқа жиі жүгінетін болған. Бұл туралы Ranking.kz сарапшылары мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл алғашқы жартыжылдықта бірінші сатыдағы соттарға мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаларға қатысты шамамен 17,2 мың әкімшілік іс түскен. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 9,3%-ға көп. Мұндай істердің басым бөлігі (99,7%) - мемлекеттік компаниялардың немесе кейбір шенеуніктердің іс-әрекеттеріне қатысты талап-арыздар.

Қазақстандықтар көбіне қай мемлекеттік органдарға қарсы сотқа жүгінеді?

Мәліметке сүйенсек, бірінші сатыдағы соттарда қаралатын әкімшілік істердің басым бөлігі - әкімдерге, әкім аппараттарына немесе әкімдіктердің қарамағындағы ұйымдарға қатысты істер. 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта ҚСжАЕК есептерінде осындай 5,7 мың іс тіркелген. Мұндай істер бір жыл ішінде 23,7%-ға артты.

Талап-арыздардың саны бойынша екінші орында жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы тұр. Алты ай ішінде олардың заңсыз әрекеттеріне және/немесе әрекетсіздігіне байланысты сотқа 4,7 мың талап-арыз түскен. Азаматтар талап-арыз жиі түсіретін мемлекеттік органдардың үштігіне Қаржы министрлігі де ілікті. Министрліктің мұндай "беделге ие болуына" оған бағынышты Мемлекеттік кірістер комитетіне қарсы берілген 1,5 мың талап-арыз себеп болды.

Жарты жыл ішінде ешбір арыз түспеген орталық мемлекеттік органдар тізіміне Сенат пен Парламент Мәжілісі, конституциялық сот аппараты кірген.

Даулардың түрлері бойынша ең жиі кездесетіні - сот орындаушыларына қатысты істер. Екінші орында - жер дауы. Алты ай ішінде қазақстандықтар жердің меншікке немесе жалға берілуіне қатысты шенеуніктерге қарсы 1,8 мың рет сотқа жүгінген. Ең көп таралған даулардың үштігіне мемлекеттік сатып алуларға қатысты істер де енді: 1,8 мың іс.

Нәтижесі қандай?

"Кейінгі жылдары қазақстандықтардың шенеуніктерге қарсы сотқа жүгінуі айтарлықтай артты. Көп жылдық динамика бойынша әкімдіктер мен министрліктерге қарсы сот істері екі есе өскен. Егер 2021 жылы мемлекеттік органдарға қарсы небәрі 14,5 мың талап-арыз берілсе, былтырдың қорытындысы бойынша олардың саны 32,9 мыңға жетті", - дейді сарапшылар.

Мәлімет бойынша берілген талап-арыздардың бәрі бір кезеңде қаралмайды, кейде олардың қаралуы кейінге шегеріледі. Биылғы қаңтар-маусым айларында берілген 17,2 мың талап-арыздың тек үштен бірі, яғни 5,1 мыңы шешім шығару арқылы қаралған. Бұл істердің 53,6%-ы талапкерлердің мүддесіне шешілген. Ал қаралған істердің жартысына жуығын сот қанағаттандырмапты.

"Мемлекеттік органдарға қарсы жеңіп шыққан істердің үлесі әр ведомствода әртүрлі. Мысалы әкімдіктерге қарсы талап-арыздардың 65,7%-ы талапкерлердің пайдасына шешілді. Бас прокуратураға қарсы сот ісінде жеңіп шығу мүмкіндігі аз: бірінші сатыдағы сот мұндай істердің небәрі 7,7%-ын талапкерлердің пайдасына шешкен", - деп жазылған хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget