Үкімет басшысы Олжас Бектенов жергілікті жерлердегі әкімдердің жұмысын көріп отырғанын мәлімдеп, ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жергілікті жерлерде әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек", - деді ол.
Премьер-министр су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көңіл бөлу қажет екенін айтты.
"Сонымен қатар, біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20 пайызға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде "Энергияны үнемдеу туралы" заң бар және барлық талап бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет", - деді Олжас Бектенов
Сонымен қатар, Үкімет басшысы министрлерге маңызды міндеттер қойды.
"Жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын 15 мамырға дейін бекіту қажет. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек. Барлық жылу көзін отынмен уақытылы қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру керек", - деді Үкімет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!