- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әкім төбелес шығарды"...
"Әкім төбелес шығарды" деген видеодан кейін тексеріс басталды
Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданы әкімі Тілек Қошмағанбетов тұрғын үй кешендерінің бірінің күзетшісін ұрды деген ақпарат тарады. Облыс әкімдігі өкілдері бұған қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Төбелес видеоға түсіп қалған. Оның кадрларынан галстук таққан ер адам жанжал шығарып, екінші бір ер адамды ұрғанын байқауға болады. Видео кейіпкері оны сүйрелеп, бетінен жұдырықпен ұрған. Кейін жанжалды тоқтатпақ болған тағы бір жігітке соққы тиеді.
Ролик авторы зардап шеккен ер адам тұрғын үй кешенінің тұрғыны екенін, ал оны ұрған адам Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары екенін айтады. Алайда өңір әкімдігі өкілдері бұл сөзді жоққа шығарып, видеодағы ер адам облыс әкімінің орынбасары емес екенін мәлімдеп отыр. Әкімдік өкілдері басқа дерек бермеген.
Видео бірнеше Telegram-арнада жарияланғаннан кейін онда бейнеленген адам Маңғыстау ауданы әкімі Тілек Қошмағанбетов деген мәлімет шықты. Оқиғадан кейін ол қызметінен кетті деген хабар тарады.
Редакция сауалхатына берілген жауапта облыс әкімдігі бұл оқиғаға қатысты тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. Ал Маңғыстау ауданы әкімі қызметінен босатылмаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Құлтай