Ақтөбе облысында ақпан айында ресми ашылған спорттық-сауықтыру кешенінің есігінде әлі күнге дейін құлып ілулі тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Қарғалы ауданының Петропавл ауылында салынған нысан жыл басында қолданысқа берілді деп жергілікті әкімдіктің ресми сайтында жарияланған. Алайда содан бері спорт залына балалар аттап баспаған.
Аудандық әкімдіктің ресми сайтында спорттық-сауықтыру кешені ақпан айының 27-сі күні ашылды деп жазылған. Шарада ауыл балалары алғашқы достастық кездесулерін өткізіп, жаттығу жасап та үлгерді. Облыстың бұрынғы басшысы жеткіншектерге футбол мен волейболға арналған жейделер және доптарды сыйға тартты. Салтанатты жиын аяқталған соң ғимаратқа спорт сүйер жұрт аяқ баспаған сыңайлы.
"Балалар волейбол ойнап мәз-мейрам болған еді. Әкім кеткеннен кейін қайтадан жауып тастады. Көзбояушылық қана. Құрылыстың сапасын да көріп тұрсыз", - деді тұрғын Нұрбек Сейілов.
Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Рзағұлов спорт нысаны әлі ресми қолданысқа берілген жоқ дейді. Ал жыл басында өткен жиынды облыс басшылығының құрылыс қарқынымен танысуы ғана деп түсіндірді. Кешенді мердігер тек маусым айында салып бітірген.
"Құрылыс басқармасы салды. Солар қабылдаған. Енді басқарма спортқа береді, содан кейін балансқа ауданға береді. Сосын барып штат бөлінеді. Әлі ресми түрде ашылған жоқ", - деді округ әкімі
Спорттық-сауықтыру кешені футбол мен воллейбол, гандбол және жеңіл атлетикамен шұғылдануға арналған. Әкімдіктің ресми хабарламасында 240 адамға шақталып салынды делінген. Тіпті көршілес Шәмші Қалдаяқов ауылы балаларын да қабылдауға қауқарлы. Алайда құрылысына аудандық бюджеттен 270 млн теңге бөлінген су жаңа нысан қазір қаңырап бос тұр.
Осы жылдың аяғына дейін аталған нысанды спорт басқармасына балансқа, теңгерімге бөлу жоспарда. 2600-ден астам тұрғыны бар Петропавл ауылында бұрын-соңды мұндай кешен болмаған. Жергілікті спортшыларға арналған үйірме сағаттары орта мектептің спорт залында өтеді. Сондықтан тұрғындар нысан біржола ашылуын асыға күтіп жүр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!