Көпшілікке таныс музыка мен хореографияны біріктірген академиялық балет өнерінің символы Петр Чайковскийдің "Аққу көлі" әйгілі балеті "Астана Операның" Үлкен залы сахнасында 18-19 қаңтарда өтеді.
Театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева 18 қаңтарда нәзік аққулар патшайымы - Одеттаның және оған қарама-қайшы бейне Одиллияның рөлдерін орындайды. Ханзада Зигфридтің партиясын таныстыратын театр солисі Диас Құрманғазы онымен бірге жұп болып өнер көрсетеді.
19 қаңтарда көрермендерді Одетта-Одиллияның рөлінде жас солист София Әділханованың және Ханзада рөлінде оның серігі балет труппасының әртісі Эркин Базарбаевтың дебюттері күтеді. Әртістер үшін бұл партияларға дайындық - жетілдірілген техниканы, актерлік шеберлік пен әріптестікті талап ететін нағыз емтихан.
"Аққу көлі" бар жан-тәніңмен берілуді де талап етеді. Балерина аққудың қимыл-қозғалысын көркем жеткізе отырып, барлық күрделі классикалық позициялар туралы да ұмытпауы керек. Бұл айтарлықтай көп еңбекті қажет ететін және әрбір өнер көрсету сайын жетілетін тәжірибе", - деп пікірімен бөлісті София Әділханова.
Қойылым негізіндегі хикаяға зұлым сиқыршы аққуға айналдырған ханшайым Одетта туралы көне неміс аңызы арқау болған. Дуаны махаббат пен адалдық қана жоя алады, ал сатқындық қызды құстың бейнесінде мәңгі тұтқын болуға душар етеді.
"Аққу көлінің" хореографиялық редакциясын балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова ұсынды. Оның нұсқасындағы премьера 2017 жылы театрдың Маскаттағы Корольдік опера театрындағы гастролі кезінде өтті. Содан бері спектакль әрдайым көрермендердің таңданысын туғызып, көрсетілім кезінде залда ине шаншар жер қалмайды.
"Бұл - уақытпен шектелмейтін балет. Оны бізге дейінгілер де тамашалады, ұрпақтарымыз да оған тамсанады", - деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.
Музыкалық сүйемелдеумен маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың Симфониялық оркестрі айналысады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!