- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовтің...
Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне ескерткіш ашылды
Бүгін Ақкөл қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол Президенттің атынан хат оқыды.
"Қазақстанның алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды. Батырдың ескерткіші – халықтың қаһарман ұлына ыстық ықыласының, Отанға қорғауға өмірін арнаған барша азаматқа шынайы құрметінің белгісі. Сағадат Нұрмағамбетовтің «Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер!» деген сөзі бар. Бұл – тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау – бәріміздің перзенттік парызымыз", – делінген ел Президентінің құттықтау хатында.
Сурет: gov.kz
Сенат спикері Қазақстанның көрнекті мемлекет, әскери және қоғам қайраткерінің рухани мұрасына назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, осындай тұлғалардың өмірін зерделеу және есте сақтау жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, ескерткіштің ашылу рәсіміне Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Қарулы күштердің ардагерлері, Халық Қаһарманы, отставкадағы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Халық Қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, отставкадағы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, елордадағы әскери колледждің курсанттары, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Сағадат Нұрмағамбетовтің жақындары және қала тұрғындары қатысты.
Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова әкесі бүкіл ғұмырын Отанға қызмет етуге арнағанын айтып, естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге ол игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға және ескерткіштің авторы Айдос Бүркітбаевқа алғысын білдірді.
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылғы 25 мамырда Ақмола облысының Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол – әскери колледждің курсантынан армия генералына дейін, пулеметшілер взводының командирінен тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министріне дейінгі жолды жүріп өткен бірегей тұлға. Сағадат Қожахметұлының ерен ерлігі мен қайсарлығы КСРО-ның, Қазақстан Республикасының және тағы басқа мемлекеттердің 16 орденімен және 30 медальмен марапатталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә