Алматы облысында 5 жасынан бастап әкесінен зорлық көріп келген 15 жастағы қыздың анасы күйеуін кешіріп, арызын қайтарып алғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
15 жасар қыздың анасы қоғам белсенділерінен көмек сұраған. Қыз бірнеше жыл бойы әкесі оны зорлап келгенін айтқан. Оқиғаға еріктілер тартылып, олар заңгерлермен, балалар омбудсмендерімен және полициямен байланысқан.
"Бұл – көпбалалы отбасы. Зорлық көрген – қыздың үлкені. Анасы үйде болмағанда, қыз өзінен кішілерге қарап үйде қалатын. Соңғы рет анасы Бішкекке кетер кезде қызы "Кетпеші, әкем мені тағы да ренжітеді" деп анасына жалыныпты", - дейді Оксана Маралова.
Қыздың анасы үйінде орын алған оқиға туралы еріктілерге өзі айтып берген.
"Қызым көптен бері қорқып, айта алмай жүргенін, айтуға оқталғанда әкесі жанымызға келіп алатынын айтты. Әкесімен жалғыз қалмау үшін үнемі далаға шығып кетуге тырысады. Білсем, дереу арыз жазар едім. Бірақ ол мені де ұрып-соғуы мүмкін", – депті қыздың анасы.
Анасының айтуынша, қызға қатысты алғашқы зорлық бес жасында басталған екен.
"Қызын шешіндіріп, зорлап, біреуге айтсаң, сені және анаңды өлтіремін деп қорқытқан. Мас кезінде де, сау кезінде де зорлық жиі қайталанған. Тіпті отбасындағы кіші қыздар да оқиғаның куәсі болыпты", – дейді Оксана.
Кіші қыздардың бұл туралы айтып берген аудиосы да бар. Кішкентай қыздар әкесінің әрекетін есінде сақтап қалыпты.
"Мен ұйықтап жатқанмын, әкем оған жақындағанда ояндым. Орнынан тұруын талап етті. Ол тұрғысы келмеді. Әкем оның шалбарын шешіп, қабырғаға тіреді. Сосын шешініп, төсекке жатқызды. Ол жылады, әкем "Ауызыңды жап" деді", – делінген аудиода. Осыдан кейін әкесі қыздың үстіне жатып, көрпе жамылып алған", – дейді Оксана.
Қыз не достарына, не мұғалімдеріне, не мектеп психологына шағымданбаған. Ересектердің ешқайсысы, оның ішінде өз анасы да оның мінез-құлқындағы өзгерістерді байқамапты.
"Әкеңнің жазаланғанын қалайсың ба?" деген еріктілердің сұрағына "Мен мұның тоқтағанын қалаймын" деп жауап берген қыз.
Қоғам белсенділері арыз жазу үшін Алматы облысы Іле аудандық ішкі істер бөліміне барған. Сол жерде қызбен психолог сөйлескен. Психолог қыздың оқиғаны нақты айтып бергенін, шындыққа жанасатынын түсіндірді.
Полицейлер күдіктіні ұстады. Келесі күні қызға сараптама жасалуы керек болатын. Алайда анасы телефонын алмай қойған.
"Таңертең мен қыздың анасына қоңырау шала бастадым, телефоны сөндірулі болды. Мен қызға хабарластым. Ол анасының полицияға кеткенін, өзі үйде кішкентайларға қарап қалғанын айтты. Келіншек арызды қайтып алу үшін қайын енесімен бірге полицияға барған. Оның күйеуін кешіргенін түсіндім. Ер адамға тағылған айыптар алынып тасталды. Бастапқыда күйеуінің басқа үйде тұратыны, қызына жақындамайтынын айтқан. Алайда күйеуінің үйге қайтып келгені белгілі болды", – дейді Оксана Маралова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!