Суға батардан бірнеше күн бұрын 19 жастағы Сүлейман Дауд қайғылы оқиғаны іштей сезіп, экспедицияға барғысы келмеген. Бірақ осы нәрсені армандаған әкесін қолдауды ұйғарған. Бұл туралы қайтыс болған жігіттің әпкесі Азмех Давуд NBCnews-ке берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.
Бейсенбіден жұмаға қараған түні АҚШ Жағалау күзеті бес жолаушы да қайтыс болғанын хабарлады. Туристердің отбасыларына бірден қайғылы хабар берілді.
Қайғылы бортта батискафты салған Стоктон Раш, француз флотының ардагері Пол-Анри Наргеоле, ұлыбританиялық миллиардер Хамиш Хардинг және пәкістандық кәсіпкер Шахзада Дауд пен оның 19 жастағы ұлы Сүлейман болды.
Қайтыс болған миллиардер Шахзада Даудтың үлкен әпкесі Азмех Дауд 19 жастағы немере інісінің экспедиция алдында үрейленіп, қайғылы оқиғаны іштей болжағанын еске алды. Алайда ол әкелер күнінде ата-анасын қуанту үшін сапарға шығуды шешкен екен.
"Сол жерде Сүлеймен тұншығып жатқанын елестетемін... Бұл шын екеніне сене алмаймын. Олар туралы ойлаған кезде тыныс алуым қиындайды", - деді ол журналистке.
Айта кетейік, "Титаник" орнына барған экспедициялар бұған дейін де апатқа ұшыраған. The Daily Telegraph 2019 жылы шілдеде бортында ағылшын ғалымдары бар суасты аппараты "Титаник" қалдықтарына соқтыққанын жазды. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ, оқиғаның өзі көп уақыт жария етілмеген.
"Титаник" трансатлантикалық жолаушылар кемесі 1912 жылғы 15 сәуірге қараған түні айсбергке соғылып, апат салдарынан суға батып кеткен. Бұл оқиға ХХ ғасырдағы ең ірі әрі ең айтулы кеме апаттарының бірі болды. Кеме апатынан кем дегенде 1500-ге жуық адам қаза тапты.
Солтүстік Атлантикадағы апат орны - дүниежүзі туристері көп баратын бағыттардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін "Титан" аппараты Атлант мұхитының солтүстік бөлігіндегі "Титаник" апаты орнына 18 маусымда аттанғаны хабарланған еді. Ал 19 маусымда экипажбен байланыс үзілген.
22 маусымда АҚШ жағалау күзетінің контр-адмиралы Джон Могер бортта болғандардың бәрі қаза тапқанын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!