Әлеуметтік желіде балалардың жантүршігерлік өлімі туралы тағы бір ақпарат тарады. Бұл туралы НеМолчиKZ қоры әлеуметтік желіде жариялады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қор мәліметінше, ер адам туған балаларын пышақтап тастаған. Марқұм балалардың бірі 2-сыныпта, енді бірі 5-сыныпта оқыған.
"Биыл қаңтарда әкесі балаларды жалға алынған пәтерге апарып, алдымен бір баласын, содан кейін екінші баласын пышақтап тастаған, артынша өзіне де пышақ сұққан. Бірақ аман қалған. Ол әйеліне "Енді осылай өмір сүр, оларды сен өлтірдің!" деген. Олар 17 жыл бірге өмір сүрді, ал кейінгі уақытта ер адам әйелін опасыздық жасады деген күдікпен қинап жүрген", – деп жазылған қор мәліметінде.
Ал әйелдің туыстары БАҚ-қа берген сұхбаттарында ер адам қызуқанды болғанын, тіпті жасы келген қарт адамға да күш көрсеткенін, жұмыс істемегенін, бейнебақылау камераларын қойып, әйелдің ізіне түскенін айтқан.
"Іс қозғалды, тергеліп жатыр. Бірақ алдын ала жалға алынған пәтерде өз балаларын өлтіруді жоспарлаған және кісі өлімін видеоға түсірген әкеге жай ғана "шизофрения" деген айып тағылып жатыр. Бұрын мұндай диагноз қойылмаған. Балалардың анасының айтуынша, күйеуінде тәуелділік, психикалық ауытқулар немесе оғаш мінез-құлық болмаған. Ер адам видеоны әдейі түсіріп, туыстарына жіберген", – деп жазылған қор мәліметінде.
Марқұм балалардың анасы сот пен әділдікті күтеді. Қылмыстық іс ҚК 99-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда өз балаларын тұншықтырып өлтірген әйелге үкім шыққаны хабарланды. Сотталушы 15 жылын орташа режимдегі колонияда өткізеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!