- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұрагерлік дау сот
Әкесі ауырып жатқанын пайдаланып, үйді өз атына аударған: бауырлар дауласып, сотқа дейін барған
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы отбасылардың бірі мұрагерлік үйге байланысты жанжалдасып, сотқа жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәселе қайдан шыққан?
Сот мәліметінше, әкесінің денсаулығы нашарлағанын пайдаланып, қыздарының бірі сыйға тарту туралы келісім жасау нәтижесінде үйді өз атына аударған. Осыдан кейін бауырлар арасындағы дау шиеленісе түскен.
Қалған балалары келісімшартқа қол қойылған кезде әкелері психикалық ауытқуға ұшырағанын, өзінің іс-әрекетіне толық есеп бере алмағанын, сыйға тарту шартына қол қоя алмайтынын айтқан.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін қалған мұрагерлер бұл шарттың заңдылығын даулап, сотқа арыз түсірді. Сотта жауапкер мен мәмілені жасаған нотариус барлық заңды рәсім сақталғанын және сыйға тарту заңды түрде жасалғанын, әкесі даулы мүлікті беруге өз еркімен ниет білдіргенін түсіндірді.
Сот шешімі
Сарапшының қорытындысына сәйкес сот балалардың әкесі келісімге қол қою кезінде іс-әрекеттерін түсінетін және оларға баға беретін жағдайда болмағанын анықтады.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қанағаттандырылып, сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылды. Сот актісіне жауапкер мен нотариус шағым келтірді.
Осылайша, сот барлық мұрагер арасында мүлікті әділ бөлді. Шешім заңды күшіне енді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова