Әнші Бағлан Әбдірайымов Podcast Urpaq youtube-арнасына берген сұхбатында өміріндегі өкініші туралы айтты - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, өнер иесі әкесінің соңғы өтінішін орындай алмаған.
"Біздікі қарапайым пендешілік әңгіме ғой. Әкем өмірінен өтер бұрын "асты биік көлік әперші, мініп жүрейін" деп өтініш айтқан еді. Оның көзі нашар көретін. "Көлік әперсем, бірдеңе болып қала ма" деген уайым-қорқыныш болатын. Бірақ кейін ойланып, "туған күні келе жатыр ғой" деп қарындастарымызбен ақылдасып, әперейін деп жүргенде адамның емес, Құдайдың дегені болады екен. Туған күніне жетпей, таңертең шай ішіп отырып, анама "қан қысымымды өлшеші" деп кереуетте отырған күйі күліп, жүріп кете салған. Сонда бір "әттеген-айым" қалып кетті. Пенде болғаннан кейін сол "әттеген-айды" қалай басамын деген іштей бір тырнайтын өкініштер болды. Өкінішімді басу үшін денсаулығы мүлдем жоқ азаматқа Алланың разылығы үшін көлік сыйладым", - деді әнші.
Әнші өкінішін жақсылық жасаумен ғана басатынын айтты.
"Мұны берген себебім, біріншіден, ішімдегі "әттеген-айды" басу болды. Екіншіден, әкемнің атынан садақа болсын деп ойладым. Төрт баланың, отбасының асыраушысы сол азамат болғандықтан қажетіне жаратсын деген мақсатта сыйладым. Ішіміздегі мұңды осылай жақсылыққа айырбастамасақ, басқаша жолын білмеймін", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!