Мұқтаж жандарға оқырмандарымен бірге баспана сыйлап жүрген танымал блогер Ырысбала Икрамбай тағы бір ізгі іс жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогер бұл жолы өз қаржысынан Түркістан облысындағы 6 балалы отбасыға баспанаға деп 10 миллион теңге сыйлады. Кеше Шардара ауданы Қазақстан ауылында өткен концерт барысында блогер осы отбасын қуанышқа бөледі.
"Кіндігіңнің қаны тамған жерге, маңдайыңның тері де таму керек. Халықтан ақша жиналмай өз атымыздан алған алғашқы баспана. Блогер болып туған жеріме бір пайдам тисінші деп осы және алдағы айға 10 реклама алдым, менің сторисім 1 миллион тұратынын барлығыңыз білесіздер. Әкемнің, отбасымның, әулиетімнің атынан осы отбасыға арнадым, атадым. Үй іздеп кірісіп кеттік, айтылған сөз атылған оқпен тең, жақсы істің куәсі боласыздар. Бірге табыстаймыз", - деп жазды Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желіде.
Желі қолданушылары оның бұл ізгі ісіне тәнті болып, көпшілік жасай алмай жүрген ерлігіне риза болды.
"Рысбала - Қазақстан бойынша нөмір бірінші блогер", "Өз атымнан баспана деген күнге жетейін дейтін едіңіз, жеттіңіз, жарайсыз. Аллам жүрегіңізді неткен кең етті", "Алладан қайтсын, жарайсың, Ырысбала, әкеңіздің жатқан жері жұмақтың төрінен болсын", "Жарайсың, Ырысбала, ырысың арта берсін... Алла сендей қызды тәрбиелеген ата-анаңа екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін!", "Пейлі кең, мінезі тік, шындықты сүйетін, ешкімге жағымпазданбайтын еңбекқор қыз, жарайсың", "Жарайсыз. Шынымен, бұл отбасы жағдайы нашар еді, бірге роддомда болғанбыз", "Қандай керемет жансыз!!! Сөзім жетпейді, Аллах разы болсын!!!", "Мықтысың қыз, еркектің қолынан келмейтін жақсылықты жасап жүрсің", - дейді олар.
Еске салайық, бұған дейін Ырысбала Икрамбай ауыр дертке шалдыққан екі баланың әкесіне көмек көрсеткені хабарланды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Кино тарихындағы ең қымбат фильм қандай?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!