- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әкеме айтамын, тоқып...
"Әкеме айтамын, тоқып береді". 52 жастағы ер адамның өнері көпшілікті тәнті етті
Шығыс Қазақстан облысында 52 жастағы ер-азамат тоқыма тоқып, тұрғындарды талантымен тәнті етіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бала кезден қолөнерге әуес болған ол мұндай қызығушылығын көпке дейін жұрттан жасырып келген. Алайда шебердің өнері жұртқа енді танылды.
Александр Гармашовтың бұйымдарына тіпті шетелден тапсырыс беретіндер бар. Оның қолынан 5 жасынан бастап біз бен жіп түспеген. Сондықтан ол тоқуға керек заттың бәрін жинап жүреді. Арасында темірден жасап алған ескі біздері де бар. Александар бастапқыда бұл өнерін көпшілікке көрсетуге қатты қысылыпты. Ал қазір бұйымдары әлеуметтік желіде танымал. Өнерлі әкеге ұл-қызы қолдау көрсеткен.
"Бұл өнеріңізді әлеуметтік желіге салайық, елге көрсетейік деп қызым ұсыныс жасады. Мен бірден келіскен жоқпын. Өйткені қоғам қалай қабылдар екен, балаларымның бетіне басар ма екен деп жасқандым. Олардың пікірін тыңдап, қолдауын сезген соң ғана әлеуметтік парақшада насихаттауға рұқсат бердім", - деді Шемонайха қаласының тұрғыны Александр Гармашов.
Қазір Александрдың өнеріне бәрі сүйсінеді. Қызы сәнді бұйым көрсе, тек әкесіне тапсырыс береді. Кардиган, кеудеше, шарф бәрі зауыттан шыққандай ерекше дизайнда тоқылады.
"Осы киімдерді киіп шықсам болды бәрі қызығып, қайдан алдың деп сұрай кетеді. Желіден сәнге айналған киім көрсем әкеме айтамын, тоқып береді", - дейді Александр Гармашовтың қызы Ксения Андронова.
Үйдегі кішкентайлардың қыстық киімдері де Александрдың қолынан шыққан. Оның айтуынша, тоқу ауыр ойдан арылтады. Ол шаршағанды басып, адамды сабырлы болуға үйрететін сиқыры бар деп күледі. Тіпті кейде математиканы шемішкеше шағуға тура келеді екен. Өйткені тоқыманың бір жібі артық, кем кетпеу керек.
"Мысалы, кеудешенің жеңін шығару үшін, бір тоқығанда ілмек санын кемітіп, екіншісінде қосып отыру керек. Әйтпесе олпы-солпы болып дұрыс өнім шықпайды. Ал оның бәрі математика", - дейді Александр Гармашов.
Есесіне, қолөнершінің әр дүниесі тапсырыс берушіге құйып қойғандай шыға келеді. Ешкімде қайталанбайтын ерекше бұйымға қазір Ресейден тіпті Германиядан тапсырыс беріп жатқандар бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек