ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, журналист, "Дат" газетінің бас редакторы Ермұрат Бәпи Massaget.kz ақпараттық порталына берген эксклюзив сұхбат берді. Әңгіме барысында ол Әкежан Қажыгелдинмен саяси әріптес ретінде қарым-қатынаста екенін жасырмады.
"Әкежан ағамен арадағы ағалы-інілі, саяси әріптестік қарым-қатынасымызға отыз жылға жуық уақыт болды. Қазір анда-санда хабарласып тұрамыз. Кейде ол кісі ақыл-кеңесін айтады, кейде кейбір мәселелерде келіспей қаламыз. Себебі ол кісі сыртта жүргендіктен, ел ішіндегі жағдайды толық сезіне бермейтін сәттері болады. Ондай кезде мен өз қарсылығымды ашық білдіріп тұрамын. Негізі, Әкежан ағамыз – экономика мен мемлекеттік басқару ісінің білікті маманы. Сол себепті оның соңғы уақытта берген сұхбаттарын аса мұқият тыңдаймын. Ол кісінің "Жаңа Қазақстанға" өз үлесін қоссам деген ниетін қолдауға тырысамын. Алайда, билікке сұрақ көп. "Жаңа Қазақстан" құрамында жүргендерге ол кісінің 27 жыл бойы – сот шешімімен саяси қудалауда жүргенін ұмытуға болмайды. Бар айыптаулар алынған, енді оны елге қайтаруға мүмкіндік бар. Бірақ билік неге бұл қадамға бармай отыр? Неліктен қажетсінбей отыр? Бұл мен үшін түсініксіз. Жалпы алғанда, әлемдік экономика мен саясатты терең білетін мамандар бізде өте аз. Саусақпен санарлық. Осындай жағдайда адами ресурстарды ысырап ету – ақылға қонбайды", – дейді ол.
Қажыгелдин туралы
Әкежан Қажыгелдин – ҚР бұрынғы премьер-министрі, бұл қызметті 1994-1997 жылдары атқарған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикасын нарықтық жүйеге көшіру жолында белсенді реформатор ретінде танылды. Алайда 1997 жылы отставкаға кеткеннен кейін, билікке сын айтып, оппозициялық ұстанымда жүргені үшін қысымға ұшырады.
1998 жылдан бастап Қажыгелдинге қарсы бірқатар қылмыстық істер қозғалып, ол елден кетуге мәжбүр болды. 2001 жылы Қазақстанда сырттай сотталып, ұзақ жылдар бойы саяси эмиграцияда өмір сүріп келеді. Осы уақыт ішінде ол Қазақстандағы адам құқықтары, әділ сайлау, демократиялық институттардың дамуы жөнінде пікір айтып, халықаралық алаңдарда белсенділік танытты.
Еуропалық Парламент оған 2002 жылы "Бостандық паспорты" табыстаған. Соңғы жылдары ол ел ішіндегі саяси өзгерістерге қатысты пікірлерін ашық айтып, реформалар мен әділетті сайлау өткізу туралы бастамаларды қолдап жүр.
Сұхбат барысында Ермұрат Бәпи Қазақстаннан шетелге заңсыз ағылған активтерді елге қайтару процесінің қалай жүріп жатқаны, Үкімет мүшелерінің қазақ тілін қолдану аясы, сөз бостандығы, сонымен қатар өзінің депутаттық мерзімі біткеннен кейін саяси белсенділігін арттырып, партиялық қызметке келу мүмкіндіктері туралы да айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz