- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әке, сенің жасыңнан...
"Әке, сенің жасыңнан асып барам...". Әке туралы өлеңдер
Маусымның үшінші жексенбісінде Қазақстанда алғаш рет Әкелер күні атап өтіледі.
Үкімет қаулысына сәйкес биылдан бастап Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі "Аналар күні" және "Әкелер күні" мерекелерімен толықты. "Аналар күні" мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, "Әкелер күні" мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Әке
Әке, сенің жасыңнан асып барам.
Кезі-кезі келгенде тасып та алам,
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
(Мұқағали Мақатаев)
***
Әкем біреу, анам да біреу менің,
Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.
Олар барда мереке, көрген емен
Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
«Бізбен ісі жоқ оның» деп сөгеді,
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
Бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,
Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,
Жақсы әкесін бере ме басқа бала.
Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары,
Ана - тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады.
(Фариза Оңғарсынова)
***
Әке, сенің жолыңды қуа алмадым,
Қыран баптап, жүйрікті суармадым.
Қансонарда қасыңа серік болып,
Таңсәріден ілесіп шыға алмадым,
Ат жаратып, бәйгеге шаба алмадым,
Үмітіңнің алауын жаға алмадым.
Жыртығыңа жамау боп жамалмадым,
Мылтығыңның тілін де таба алмадым.
Палуан болып күресте жеңе алмадым,
Маған ондай қонбады бедел-бағың.
Жолын қандай табам деп қиналушы ем,
Орындалмай жатқанда көп арманың.
Үйреттің бе, білмеймін бекер бәрін,
Түйсінбедім даланың шекер дәмін.
Өзің құсап алыстан дүрбі салып,
Жер танитын жағдайға жете алмадым.
Көрсететін жоқ қой деп енді ерлігім,
Сең соққандай күн сайын сенделді ұлың.
Тым болмаса бойыма қонбай кетті-ау,
Құралайды көзге атқан мергендігің.
Жанды ауыртқан жалған-ай, жарықтық-ай,
Болдым екен дарынсыз неғып бұлай?
Деп жүргенде ұлыңа әкеңіздің,
Қасиеті ақындық дарыпты ғой.
Солай өмір жалғады көшке мені,
Енді ойлама, әкетай, ештеңені!
Алты ұлыңның біреуі ақын болса,
Әкеңіздің отының өшпегені!
(Серікзат Дүйсенғазы)
***
Әкем — асқар тауым
Төбесінде бұлт аунар,
Жер бетінде тұр таулар.
Бірақ, мына мен үшін,
Бәрінен биік бір тау бар.
Кім десе егер сенерің,
Әкем менің дер едім.
Сол биікке күн сайын,
Қарап өсіп келемін.
(Қуат Адис)
***
Алабұрту
Мен баяғы баламын, кекілдімін…
Әй, бірдеңе білетін секілдімін.
Түнде менің етімді ұйқы құшып,
Таңсәріде сүйеді дәтімді Күн.
Өтініш пен өкініш арасында,
тоңып жүрмін, өмірдің жағасында.
Түстерімде – сабылып сансыз аруақ,
Бата берер…
Нанбайсың… нанасың да.
Шаршадым ба өмірден?
Жалықтым ба?
Жұмақ – анда… білемін, тамұқ мұнда.
Менің ішкі дүниемді аластауға,
құдыреті жетпейді-ау жарықтың да…
Бір үмітті іздеймін бекер күннен.
Шынымды айттым.
Ал, содан өтелді нем?
Нәрестенің иісін аңсап жүрмін…
Әлде, қатты сағындым Әкемді мен?..
(Ақберен Елгезек)
Т. Раушанұлы