- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әке ретінде көмегім...
"Әке ретінде көмегім осы болды". Өктем Алтаев ұлы Бағжан Октябрь туралы айтты
Танымал қазақстандық виолончельші Бағжан Октябрьдің әкесі, әнші, композитор Өктем Алтаев Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында ұлының өнер жолына қалай келгенін айтып берді.
Өнер иесі алдымен анасы туралы сөз қозғады. Айтуынша, әнші болуы анасының бала арманы болған.
"Біз 90 жылдары "Алтаевтар ансамблі" болып шықтық. Менің анам бала кезінен әнге әуес, ән жазатын болған. 1954 жылы Алматыда болған республикалық жастар фестиваліне ауыл-ауылдан таланттар жиналған. Олардың арасында менің анам да болыпты. Анам фестивальде ән шырқаған. Анамды Роза Жаманова, Сәбира Майқанова байқап, "Алматыға оқуға түс, үй береміз, өнеріңді осында жалғастыр" деп ұсыныс тастаған. Анам бұл туралы анасына айтады. Сонда нағашы әжем "әртіс болмай ақ қой, Алматыда жүрсең, бұзылып кетесің, күйеусіз қалып кетесің" деп келіспепті. Оған қоса, анам бір үйдің жалғыз қызы. Әкесі мен ағалары соғыста қайтыс болған. Сондықтан болар әжем "сен кетсең, мына қара шаңырақ қаңырап қалады, тастап кетпе" депті. Содан анам тұрмысқа шығады. Анамның балалық арманы сол кезде үзілгенімен, ол әнші болып, сахнаға шығу туралы мақсатын біз және немерелері арқылы мақсаты, арманына жетіп отыр", - деді ол.
Композитор ұлы Бағжан тілі шыққан шағында анасы Сараның тәрбиесін алғанын айтады.
"Әкенің міндеті отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету, асырау ғой. Заман талабына сай өмір сүру үшін жеткілікті қаражат болу керек. Сол уақыттағы біздің мақсат - атымыз шығып тұрған кезде, мейлінше, жұмыс істеу еді, күнде концерт, тойда жүріп, үйде көп бола бермейтінбіз. Бағжанның тілі шығып, енді ақыл-есі кіргенде әжесінің тәрбиесін алған", - деді ол.
Өктем Алтаев ұлының бойындағы дарын ұрпақтан-ұрпаққа берілетін өнер екеніне тоқталды.
"Біз әнге жақын өнерлі әулетпіз. Сондықтан Бағжанның өнерге жақын болып, осындай дәрежеге жетуі, біріншіден, ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы берілген дарынының арқасы. Екіншіден, әр баланың өзіне сай мінезі болады. Әкенің балаларының алдындағы міндетінің бірі - олардың әрқайсысың бойындағы дарынды зерттеп, кімнің неге икемі бар екенін анықтау. Мен Бағжанның бала кезінен музыкаға қабілеті жоғары екенін сездім, оның бағытын білдім. Ол спортқа да барды, ауыл балалары секілді ойнады. Оның бойында қабілеті бар екенін сезіп, оны музыка мектебіне алып бардым. "Музыка мектебіне барасың ба? Ол жақта қиын болады, оқи аласың ба?" деп өзінен де сұрадым. Ол "оқимын, сізді ұятқа қалдырмаймын" деп уәде берді. Музыка мектебінде баланың қабілетіне, дене-бітіміне байланысты әртүрлі аспапқа қабылдайды. Оны виолончель аспабына қабылдады. Ол 6 жасынан бастап, 20 жасынан асқанша оқыды. Менің Бағжанға әке ретінде көмегім осы болды, ары қарай өзі алып кетті", - деп жауап берді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә