Абай облысы Мақаншы ауданында 9 жастағы оқушы ата-анасын алдамақ болып, өз үйінің ауласындағы сарайға жасырынып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жазба тауып алған
Төртінші сынып оқушысы сағат 13:00 шамасында мектепке кеткен, алайда сабақтан кейін үйіне оралмаған. Анасы ұлын өздігінен іздей бастаған.
Ол сағат 20:30 шамасында үй маңынан "әке-ана, мені іздемеңдер, бір күні қайтып келемін" деген жазба тауып алған. Туыстары дереу полицияға хабарласқан.
10 минут өткенде табылды
Оқиға орнына келген полицейлер бірнеше топқа бөлініп, аулалар мен жақын маңдағы аумақты тексеруге кіріскен.
"Арада 10 минут өткенде бала үйінің ауласындағы сарайдан өзі шыққан. Ол мектептен үйіне келіп, сол жерге тығылып, ұйықтап қалған. Бала полицейлердің көліктерінің сиренасынан оянған. Тоңған әрі қорыққан оқушы бірден анасына барған. Ол ата-анасына пранк жасағысы келгенін айтқан", - деді Абай облысы ПД өкілі.
Полиция мұндай әзілдер ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова