- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақбота Керімбекованың жас...
Ақбота Керімбекованың жас әншілерге сыны: этикалық нормаларды бұзып жатқан кім?
Танымал әнші Ақбота Керімбекова жас әншілердің танымалдыққа жеткен соң қарапайымдылығын жоғалтуы мүмкін екенін сынға алды. Әнші Adal Adam подкастында қонақ болып, қазіргі жас әншілердің сахнада өзін қалай ұстайтыны туралы пікір білдіріп, өзінің әріптестері Нұрболат Абдуллин мен Қайрат Нұртас туралы ойымен бөлісті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші Нұрболат Абдуллинге қатысты пікірлер
Ақбота Керімбекова Нұрболат Абдуллиннің шығармашылығын жоғары бағалайтынын айтқанымен, оның қарапайымдылығын жоғалтып алғанын атап өтті:
«Нұрболат Абдуллиннің әншілігін жоққа шығармаймын. Өзінше бір үні бар. Сый-құрмет жағына келсек, ол баланы қатты сыйлаймын деп айта алмаймын. Мұндай көзқараста жалғыз мен емес. Өзі де көрсе, түсінер. Бізде қазір жарқырап шықса, көкіректерін аспанға тіреп қояды. Өмір бойы солай жүретін сияқты. Қасыңда тұрып, амандаспай кететін әншілеріміз бар. Оларды сыйламаймын. Нұрболатты сол қатарға қоямын. Оны өзінің бетіне де айтқанмын, айтамын да. "Мына көкірегіңді түсірмесең, біздің жасымызға сен де келесің, артыңнан сенен мықтылар да шығады, адам қарапайым болуы керек" дедім. Басқа-басқа алдыңғы буын – бізге көрсетуі ұят қой».
Қайрат Нұртас туралы
Сонымен қатар, Ақбота Керімбекова Қайрат Нұртасты жоғары бағалап, оның қарапайымдылығын мақтады:
“Қайрат – алтын адам. Қаншама гастрольдік сапарда бірге болдық. Дуэт айттық. Көз алдымызда өсті. Өте қарапайым, біртоға азаматтың бірі. Өз басым қатты сыйлап, құрметтеймін. Адамшылықтан айныған емес. Кім не десе, о десін, Қайрат керемет адам”
Бұл пікір, әрине, Ақботаның жеке көзқарасы болғанымен, ол музыкалық сахнадағы этикалық нормалар туралы сұрақтар туғызады. Қоғамдық тұлғалардың қарапайымдылық пен өзара кәсіби беделді сақтамауы және жариялы сын айту әрдайым жауапкершілікті талап етеді.
Ақбота Керімбекова туралы
Ақбота Керімбекова — Қазақстанның эстрада өнерінде өзіндік орны бар танымал әнші. Оның шығармашылығы 90-жылдардың соңында басталып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген. Әнші қазақ эстрадасында өзінің нәзік әрі терең вокалымен танымал. Ақбота Керімбекова өзінің кәсіби жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар, өнердегі жастарға және қоғамдағы орынсыз әрекеттерге қатысты жиі сыни пікірлер білдіреді. Оның көзқарастары өнер сахнасындағы тәрбиелік, адамгершілік және қарапайымдылық құндылықтарын ұстануға шақырады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Ибраева