Астанада тұтынушы автосалоннан 15 млн теңгеге автокөлік сатып алған, алайда үш айдан кейін көлік жүрмей қалып, иесі қызмет көрсету орталығына хабарласқан. Онда беріліс қорабы дұрыс жұмыс істемейді, ақау бар деген қорытынды жасалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автокөлік сату жағынан бөлшекті жеткізу бірнеше айға созылған. Тауарды қайтару немесе айырбастау туралы шағыммен автокөлік жүргізушісі субагентке — автосалонға және өндірушіге наразылық хатын жібереді.
"Мәселені реттеуге бағытталған өз әрекетінен түк шықпаған соң тұтынушы Астана қаласының сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгінуге мәжбүр болады. Арызда тұтынушы сатушының кемшіліктерді жоюдан, сапасыз көлік үшін ақшаны айырбастаудан немесе қайтарудан, кепілдік бойынша қызмет көрсетуден, ақауды жоюдан бас тартқанын көрсетеді. Одан әрі іс сотта қаралып, онда жауапкер сервистік орталық өндіруші және автосалон, ал мемлекеттік орган үшінші тұлға ретінде әрекет етті", - делінген хабарламада.
Сот процесінде департамент басшысы Нұрғали Қуандықұлы түсінік берді.
"Көлік — техникалық жағынан күрделі тауар. Егер онда елеулі кемшілік анықталса, онда сатып алушы ұқсас тауарға ауыстыруды немесе ол үшін төленген соманы қайтаруды талап етуге құқылы", — деп түсіндірді ол.
Сот шешімімен тұтынушыға автокөліктің құны толық қайтарылды, сондай-ақ кепілдік жөндеудің бүкіл уақыты үшін 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян және тұтынушы Солтүстік Қазақстан облысынан келгендіктен Астана қаласында тұруға жұмсаған шығынына 71 000 теңге, өкілдің қызметіне ақы төлеу бойынша шығыстарға 500 000 теңге, мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыстарға 161 000 теңге өтелді.
Тұтынушыға жалпы сомасы 16 677 000 теңге қайтарылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!