Ажырасушылар көбіне қандай уәж айтады?

Бүгінде елімізде ажырасу тақырыбы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Өйткені Қазақстандағы ажырасу көрсеткіші былтырғымен салыстырғандай айтарлықтай артқан. Ерлі-зайыптының ажырасуына түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Мысалы, бірі мінез-құлықтың сай келмеуінен ажырасса, енді бірі серіктесінің ішкілікке салынғанын айтып, шағымданады. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі қазақ отбасылары шаңырағының шайқалуына көбіне не түрткі болып жатқанын анықтап көрді.

Мамандардың айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі отбасының берекесіне өз әсерін тигізеді. Мысалы, отбасылық сот өкілдері ажырасушылардың көп бөлігі ақшаның жетіспеушілігі мен тұрмыстық жағдайдың тым төмендігінен жиі кикілжеңге тап болатынын түсіндірді.

Отбасылық сот өкілдері не дейді?

Судья Динара Құйқабаева ажырасуға келетін ерлі-зайыптының ең жиі айтатын 2 себебін тізді.

  1. Мінез-құлықтың жараспауы;
  2. Ер адамның жұмыс істемеуі, отбасын асырай алмауы.

"Көп ерлі-зайыпты мінезіміз жараспады деп жатады. Негізі заң бойынша ажырасуға екі тарап та келісіп тұрса, ерлі-зайыптының ажырасу туралы шешімін қабылдауға не себеп болғанын сұрауға қақымыз жоқ. Тіпті ерлі-зайыптының бірі опасыздық жасаса да. 

Сондай-ақ, ер адамның жұмыс істемеуі, ақша таппауы, асырамауының орны ерекше. Бұл еліміздің жалпы дағдарысына байланысты, қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеген сайын, ажырасу да автоматты түрде көбейе береді", - дейді судья.

Отбасылық психолог не дейді?

Ал отбасылық психолог маманы Эльвира Қасым жағдайды мүлде басқа қырынан көреді. Оның сөзінше, зорлық-зомбылықтан басқа кез келген мәселені ажыраспай-ақ шешуге болады. Ол үшін алдымен екі тараптың әрқайсысы іштей дайын болуы маңызды.

Психолог жырасу процесі өте ауыр кезеңнің бірі екенін жеткізді. Маман әдетте ажырасқан адамдар психолог кеңесіне өте сирек келетінін айтты, ал көмек сұрап келетін ер адамдар жоқтың қасы.

"Негізі психотерапияға күшті әйелдер ғана келеді. Ал ер адамдар әйелдермен салыстырғанда аз келеді. Мысалы, менің кеңесіме жазылатын 30 адамның екеуі ғана ер адам болуы мүмкін. Оған қоса, ер адамдар терапияға ұзақ уақыт келмейді, менің жеке тәжірибемде кездескен ең ұзақ уақыт 1 жыл ғана. Біздің қоғам психотерапияға бейімделмеген", - дейді ол.

Эльвира Қасым күйеуіне шағымданып келетін әйелдердің ажырасуына көбінесе өздері кінәлі екенін алға тартты.

"Маған келетін 10 әйелдің 9-ы отбасы мәселесімен келеді. Оларды тыңдай келе, алғашқы қабылдаудан-ақ мәселе күйеуінде емес екенін байқаймын. 

Қарым-қатынасқа түскен адамда проекция деген түсінік болады. Проекция бұл адам психикасының қорғаныс механизмі. Мысалы, адамның анасы қатыгез, мейірімсіз болса, ол қарым-қатынасқа түскен кезде жолдасынан ешқандай мейірім көре алмайды. Ол іштей қорқады, үрейленіп жүреді. Үнемі серіктесінен бір қателікті күтеді. Әйелдерден "үйге ертерек барып, тамақ істесем, күйеуімнен таяқ жеймін" деген әйгімені естіген боларсыз? Шын мәнінде ол еркектің ондай ойы жоқ. Бұл әйелдің ішіндегі сезімі ғана. Алайда мұның салдары бар, өйткені адам бейсаналы түрде өзінің ішіндегі сезімін серіктесіне құя береді, содан ерте ме кеш пе серіктесі тура ойындағыдай адам болып шығады. Яғни, егер адам іштей өзіне ұнамайтын қасиетті серіктесінен көре, күте берсе, "сондай бола ма?" деп қорқа берсе, серіктесі сондай адамға айналады", - деді ол.

Маман ерлі-зайыптының ажырасуына тағы бір себеп ретінде адамдардың отбасылық өмірге дайын болмауын ұсынды.

"Ажырасуға келетін ерлі-зайыптылар да тағы бір көп кездесетін себеп - адамдардың отбасылық өмірге дайын еместігі. Көп адамның жан дүниесі толық жетілмегені. Олар үлкен өмірге толық өспегендіктін, серіктесіне проекция жасайды. Өйткені психикасы едәуір сау адам менікі - менікі, сенікі - сенікі деген дүниені түсінеді. Адвокат, судья секілді сот өкілдері тек дерекпен жұмыс істейді. Оларға ерлі-зайыптылар "қарным аш, ақша жоқ, жалаңашпын, сондықтан ажырасқым келеді" деп айтуы мүмкін. Бірақ мұндай кездегі мәселе - адамдардың іштей ересек болмауы. Егер саралайтын болсақ, өз-өзіне қол жұмсайтын адамдар тек күнін көре алмай отырған адамдар емес. Мысалы, Қазақстандағы нөмірі бірінші адамның да немересі өз-өзіне қол жұмсады ғой, оған ақша жетпеді деп ойлайсыз ба? Жоқ!" - деді ол.

Проекция - қарапайым тілмен түсіндіргенде - тасымал. Адам өзінің ішіндегі дүниенің бәрін серіктесіне тасымалдап, жабыстыра береді. Содан екеуі де бір-біріне сай болып шығады. Сондықтан да психолог ажырасудың себебі ақшаның жоқтығы емес, адамның іштей ересек болмауы, бір-біріне шектен тыс проекция жасауы деп түсіндіреді.

Алайда маман кейбір жағдайда ажырасу екі жақ үшін ше таптырмас шешім екенін еске салды.

"Менің кеңесімді алатын әйелдердің арасында ажырасуға дайындалып жүргендер де бар. Ол әйел әлі дайын емес, бірақ дайындалып жатыр. Біз қандай кезде адамды ажырасуға дайындаймыз? Егер серіктесі параноик, есалаң, ұратын болса. Ерлі-зайыптының ара-қатынасын сақтап қалуға болады, бірақ кейбір жағдайда ажырасу екі жақ үшін ше таптырмас шешім", - деді ол.

Кеңес

Эльвира Қасым ерлі-зайыптыларға кеңес берді.

"Маған келетін адамдар алғашында "болды, мен ажырасын" деп келеді. Мен ең алдымен серіктесі психологиялық тұрғыдан қаншалық жетілгенін анықтап аламын. Егер ұрып-соғатын серіктес болса, мен "ажыраспаңыз, мәселені шешуге болады" деп айта алмаймын ғой. Егер физикалық зорлық-зомбылық жоқ болса, мен мәселені толық ашып, себебін ашуға тырысамын. Ерлі-зайыпты ажырасуға кез келген уақытта үлгереді, ең алдымен отбасыны сақтап қалуға тырысып көру керек", - деп қорытындылады психолог.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақ халқында өлімнің неше түрі бар?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!